Жүзуші Әділбек Мусин Ислам ынтымақтастығы ойындарында күміс жүлде әкелді
Қазақстан жүзу командасының өкілі Әділбек Мусин Эр-Риядта өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді, деп хабарлайды Оlympic.kz.
Біздің жүзуші 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде күміс медаль иеленді.
Мусин қашықтықты 52.73 секундта жүзіп өтті, бұл нәтиже бойынша ол тек өзбекстандық Элдорбек Усмоновқа (52.59) жол берді.
Үшінші орынды Угандадан келген Джессе Сенгози иеленді — оның уақыты 53.45 болды.
Тағы бір қазақстандық спортшы Максим Сказобцов 53.57 секунд нәтижесімен төртінші орынға табан тіреді.
Бұл бүгінгі таңда Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ойындарында жүзуден алған алғашқы медалі емес. Бұған дейін қазақстандық Софья Сподаренко алтын медаль жеңіп алған болатын. Ол 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 01:01.66 нәтижесімен үздік атанды.