Ясмина Токсанбаева Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясынан пәтер алды
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмин Токсанбаева спорттағы жетістіктері үшін пәтер алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Спортшы әлеуметтік желіде сыйлықты алғаннан кейінгі әсерімен бөлісті. Ол көрсетілген ықылас үшін елі мен федерацияға алғыс айтып, бұл оқиға алдағы уақытта дамуына қосымша ынталандыру болатынын атап өтті.
«Сезімімді сипаттауға сөзім де, эмоциям да жетпейді. Өз елім мен федерациямның еңбегімді бағалағанына шексіз қуаныштымын! Бүгінгі күнге атсалысқан баршаңызға рақмет. Бұл мені алға ұмтылып, өсе түсуге жігерлендіреді!» - деп жазды Токсанбаева.
Жеңіл атлет бұл оқиғаны ұйымдастыруға атсалысқан баршаға да алғысын білдірді.
Еске салайық, 27 қыркүйекте Жапонияда өткен Азия ойындарында Ясмин Токсанбаева 42,195 шақырымдық марафондық спорттық жүріс сайысында 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижесімен мәре сызығын бірінші болып кескен еді.
Алайда мәреден кейін спортшының аяқкиіміне қатысты сұрақтар туындады. Тексеру нәтижесінде қазақстандық пайдаланған кроссовка үлгісі World Athletics ұйымы жарыстарда қолдануға рұқсат берген аяқкиімдер тізімінде жоқ екені анықталды. Халықаралық федерация ереже бұзылғанын растаған соң, Токсанбаеваның нәтижесі жойылып, алтын медаль Қытай өкіліне берілді.
Сонымен бірге Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы спортшының аяқкиімі жарыс басталмай тұрып тексеріліп, жарысқа қатысуға рұқсат берілгенін мәлімдеді. Ұйым шешімге наразылық білдіріп, шағым түсірді, сондай-ақ апелляция нәтижесіне қарамастан Токсанбаеваға чемпионға тиесілі жүлдеақыны төлейтінін уәде етті.
9 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия пара ойындарының қорытындысы бойынша спортшыларды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Ясмин Токсанбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар тізіміне енді. Жарлықта ол жеңіл атлетикадан марафонға қатысушы ретінде көрсетілген.
Ясмин Токсанбаева Азия ойындарындағы дау-дамайдан кейінгі қиын кезең туралы айтты