Видео: Әлем чемпионы Мерей Базарбаев Қазақстан чемпионатының финалындағы ықтимал қарсыласын атады
Еркін күрестен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Әлем чемпионы атанған Мерей Базарбаев алдағы Қазақстан чемпионатына қатысты болжамымен бөлісті. Балуан әлеуметтік желідегі жазбасында 57 келі салмақ дәрежесінің финалында Нұрданат Айтановпен белдесуі мүмкін екенін меңзеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Базарбаев ел біріншілігіне алтын медальдан үміткер басты балуандардың бірі ретінде қатысады. Биыл қазан айында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен U23 әлем чемпионатында қазақстандық спортшы төрт белдесуде жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.
Мерей жарыстың 1/8 финалында былтырғы әлем чемпионы, америкалық Люк Лилледалды (3:1) жеңді. Одан кейін Франция өкілі Расул Галбураевтан (13:2) және жапониялық Дайто Кацумэден (7:0) басым түсті. Шешуші белдесуде түркиялық Бекир Кесерді 8:0 есебімен ұтып тұрған жерінен жауырынын жерге тигізді. Базарбаевтың алтын медалі аталған әлем біріншілігінде Қазақстанның еркін күрес құрамасы иеленген жалғыз жүлде болды.
Айта кетерлігі, Оралдағы жарыста Мерей ел чемпионы атағын қорғауға тырысады. Ол 2025 жылдың желтоқсанында Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде топ жарған еді.
Ал Базарбаев финалдағы ықтимал қарсыласы ретінде атаған Нұрданат Айтанов та халықаралық аренада өзін дәлелдеп үлгерген балуан. Биыл мамыр айында Жамбыл облысының өкілі Вьетнамда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 61 келі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол үндістандық Дипак Ратхимен 4:4 есебімен тең түсіп, соңғы нәтижелі әдісінің арқасында жеңіске жетті.
Айтановтың еншісінде жастар арасындағы әлем чемпионатының қола және U20 Азия біріншілігінің күміс жүлдесі де бар. Биыл күзде балуан Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан намысын 57 келі салмақта қорғады.
Қос балуанның ықтимал кездесуі алдағы ел біріншілігінің ең тартысты белдесулерінің біріне айналуы мүмкін. Дегенмен бұл салмақта чемпиондық атақтан үміткер өзге де спортшылар бар. Ел ішіндегі бәсекенің жоғары екенін ескерсек, Базарбаевтың болжамы қаншалықты дәл келетінін бозкілемдегі белдесулер көрсетеді.
Еске салайық, 2026 жылғы 1-7 желтоқсан аралығында Орал қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының іріктеу чемпионаты өтеді. Еліміздің әр өңірінен жиналған балуандар 30 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жарыс қорытындысы 2027 жылғы халықаралық маусымға ұлттық құрама жасақтауда маңызды рөл атқарады.
Бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан күрес федерациясының жұмысына тоқталып, отандық балуандардың халықаралық аренадағы нәтижелеріне баға берген еді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомство басшысы күресте жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс пен ұзақмерзімді дайындық қажет екенін, сондықтан бір-екі жылдың ішінде көп алтын медаль күту орынсыз екенін атап өтті.