locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Бұл — келесі қадам»: Хосеп Гвардиола бапкерлік мансабын қалай жалғастыратынын анықтады

«Манчестер Ситидің» бұрынғы бас бапкері шығармашылық демалысынан кейін ұлттық құрамалар деңгейінде жұмыс істеп көрмек
Футбол
«Бұл — келесі қадам»: Хосеп Гвардиола бапкерлік мансабын қалай жалғастыратынын анықтады
Фото: Gettyimages

Испаниялық маман Хосеп Гвардиола бапкерлік мансабындағы келесі кезең ұлттық құрамамен жұмыс істеу болуы мүмкін екенін растады. «Манчестер Ситидің» бұрынғы бапкері Италия құрамасының өкілдерімен келіссөз жүргізгенін айтып, ұсыныстан не себепті бас тартқанын түсіндірді, деп хабарлайды Sports24.kz Sky Sports-қа сілтеме жасап.

Гвардиола өткен жазда «Манчестер Ситиден» кеткеннен кейін бапкерлік қызметіне үзіліс алды. Испаниялық маман ағылшын клубын он маусым бойы жаттықтырды, енді футболдағы күнделікті жұмыстан тынығуды көздеп отыр. Сонымен бірге бапкер келесі сынағы халықаралық деңгейде жұмыс істеу болуы керек екенін мойындады.

«Әлі де жаттықтырғым келетін команда бар ма? Ұлттық құрама. Бұл — келесі қадам», - деді Гвардиола.

Испаниялық маман Италия футболының өкілдерімен келіссөз жүргізгенін растады. Алайда ұсыныс бапкер ұзақ уақыт демалуға мұқтаж болған кезде түскен.

«Мен олармен (Италия тарапымен) сөйлестім. Бұл мен үшін үлкен құрмет болды. Италия сияқты елге бас тартқанда өзімді жайсыз сезіндім, тіпті ұялдым деуге болады. Олардың Италия құрамасын жаттықтыруға лайық адам деп мені таңдауы — мен үшін ең үлкен құрметтердің бірі. Бірақ олар маған тоқтап, демалу қажет болған сәтте хабарласты».

Гвардиола басқа жағдайда Италия құрамасын жаттықтыруға келісуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.

«Егер олар бір-екі жылдан кейін хабарласқанда, бұл жұмысты қолға алар едім. Бірақ Мальдини мен өзім қатты жақсы көретін Леонардоға (Бонуччиге) тоқтап, аздап оңаша қалуым керегін айттым. 18 жыл бойы демалыс дегенді білмей, күн сайын жұмыс істедім».

Ұлттық құрамалар деңгейінде бағын сынағысы келгенімен, испаниялық маман әзірге бапкерлік қызметіне қашан оралатынын шешкен жоқ. Гвардиоланың айтуынша, оның жұмысқа қайта оралуға дайындығы мен лайықты ұсыныстың болуы шешуші рөл атқарады.

«Футболдан қанша уақытқа қол үзіп жүретінімді білмеймін. Бұл — шындық. Қазір өзімді өте жақсы сезінемін. Футболға қайта оралатын болсам, ішкі түйсігім маған қайту керегін айтып, біреу мені жұмысқа шақырғанда ғана ораламын деп сенемін. Сонда қайта ораламыз. Ал ондай жағдай болмаса, оған да алаңдамаймын. Мен онсыз да талай жыл бойы жұмыс істеп, көп матч өткіздім», - деп қосты маман.

Осылайша, Гвардиола алдағы мансабындағы басым бағытты атады, бірақ футболдан ұзақ уақытқа қол үзуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie