locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Барселона» маңызды ойыншысынан айырылды: апелляция көмектеспеді

Испания корольдік футбол федерациясының тәртіптік комитеті каталондық клубтың апелляциясын қанағаттандырмай, «Вильярреалға» қарсы ойындағы әрекеті үшін жартылай қорғаушыны екі матчқа шеттетті
Футбол
«Барселона» маңызды ойыншысынан айырылды: апелляция көмектеспеді
@fcbarcelona

Испаниялық «Барселонаның» жартылай қорғаушысы Фермин Лопес Испания чемпионатының 13-туры аясында «Вильярреалға» қарсы өткен матчта (3:2) алаңнан қуылғаны үшін екі ойынға дисквалификацияланды, деп хабарлайды Sports24.kz Испания корольдік футбол федерациясына сілтеме жасап.

Оқиға «Камп Ноу» стадионында өткен кездесудің 74-минутында болды. Ол кезде Лопес алаңнан ауыстырылып, қосалқы құрам ойыншылары отыратын орындықта отырған еді. Энтони Гордон қатысқан эпизодтан кейін бас төреші «Вильярреал» қақпасына пенальти белгілемеді. Бұған наразы испаниялық жартылай қорғаушы орындықтан тұрып, қосалқы төрешіге қарай бет алды. Төрешілер хаттамасына сәйкес, футболшы бірнеше рет балағат сөз айтқан, содан соң қызыл қағаз көрсетілуін күтпестен киім ауыстыратын бөлмеге кеткен.

Каталондық клуб басшылығы даулы эпизодтың бейнежазбасын тәртіптік комитетке ұсынып, төрешінің шешіміне шағым түсіруге тырысты. «Барселона» алаңнан қуу шешімін жойдыруды немесе дисквалификация мерзімін бір матчқа дейін қысқартуды көздеді. Алайда Испания корольдік футбол федерациясының тәртіптік комитеті каталондықтардың уәжін қабылдамай, жартылай қорғаушыны Испания чемпионатының екі ойынына шеттетті.

Дисквалификация салдарынан испаниялық футболшы Ханс-Дитер Флик жаттықтыратын командаға Ла Лиганың алдағы екі матчында көмектесе алмайды: 29 қарашада «Депортиво» — «Барселона», ал 2 желтоқсанда «Барселона» — мадридтік «Атлетико».

Каталондықтар үшін жартылай қорғаушының мадридтік «Атлетикомен» кездесудің алдында қатардан шығып қалуы айрықша ауыр соққы болуы мүмкін. Айта кетерлігі, «Вильярреалға» қарсы камбэк жеңісіне үлес қосқандардың бірі де Лопес болды. 61-минутта жартылай қорғаушы есепті теңестіріп, артынша каталондықтар үшінші голын соғып, жеңіске жетті.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie