Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы Қазақстан құрамасына үндеу жолдады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсетіп жатқан ұлттық құраманың нәтижелерін бақылап, спортшыларға қолдау білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мемлекет басшысы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов арқылы қазақстандық қатысушыларға сәлем жолдап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі. Президент Ойындардың достық пен әділ бәсеке рухында өтіп жатқанын атап өтіп, ұлттық құраманың жетістігіне үлес қосқан спортшылар мен бапкерлерге алғыс білдірді.
Сонымен қатар Тоқаев команданың жоғары нәтижелерге жетуіне елеулі үлес қосқан спортшылардың марапатталатынын жеткізді.
Қазақстан жалпыкомандалық медаль есебінде көш бастап келеді. 4 қыркүйектегі жағдай бойынша ұлттық құрама 55 жүлде - 25 алтын, 13 күміс және 17 қола медаль жеңіп алды.
Екінші орында 58 жүлдесі бар Қырғызстан тұр. Алаң иелерінің еншісінде 23 алтын, 24 күміс және 11 қола медаль бар. Ресей төрт алтын, алты күміс және 13 қола жүлдемен үшінші орында келеді.
Қазақстандық спортшылар қазақ күресі, аударыспақ, алыш, армрестлинг, самбо, арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және өзге де спорт түрлерінде жүлдеге қол жеткізді.
Ең жарқын нәтижелердің бірі 300 шақырымдық жорықта тіркелді. Қазақстандық шабандоздар төрт күнге созылған қашықтықты еңсеріп, мәреге бірінші болып жетті.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан атынан 42 спорт түрінде 152 спортшы сынға түсіп жатыр.