Бір күнде 9 алтын: Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төртінші күнін қалай өткізді?
Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төртінші жарыс күнін 21 медальмен аяқтады. Ел спортшылары 9 алтын, 5 күміс және 7 қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Күннің алғашқы жеңістерінің бірі дәстүрлі садақ атудан келді. Бұл сында әлемнің 52 елінен 196 спортшы бақ сынады. «Орта Азия» нысанасында Қазақстанның екі бірдей өкілі финалға шықты. Нәтижесінде Әсемгүл Ғалымжанова алтын жүлдені иеленсе, Айкөркем Батихан күміс медаль алды.
Садақ атудан тағы бір алтынды Аяша Қабдоллаева еншіледі. Ол «пута» нысанасында үздік нәтиже көрсетті. Ал ерлер арасындағы бәсекеде Әли Сесигүзел қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан құрамасы теңге ілуден де жеңіс тойын тойлады. Бұл сайысқа он елдің спортшылары қатысты. Финалда Қанат Бақтыбай 26 теңгенің 25-ін іліп, қарсыластарына мүмкіндік қалдырмай чемпион атанды.
Қазақ күресінен де қоржынымыз алтынсыз қалмады. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ернұр Сүлеймен финалда Грузия өкілін жеңіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Осылайша, Қазақстан қазақ күресінен бір алтын жүлде еншіледі.
Төртінші күнде ең көп медаль бәйге түрлерінен түсті. Қазақстандық шабандоздар бұл бәсекелерде 4 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлде жеңіп алды.
25 шақырымдық аламан бәйгеде Қазақстан өкілдері тұғырдың үш сатысын түгел иеленді. Нұрасыл Бекбатыр мен «Айман» мәреге бірінші келсе, Асылжан Телеген мен «Көксерек» екінші орын алды. Үздік үштікті Ерсұлтан Жарқын мен «Қарағаш» түйіндеді.
12 шақырымдық құнан бәйгеде Санжар Өмекей мен «Нұршашу» алтын жүлдеге қол жеткізді. Ал Әлижан Мансұр мен «Бестау» қола медаль еншіледі.
Қазақстандық шабандоздар ұшқыр бәйгеде де бірнеше жүлде алды. 2400 метрлік қашықтықта Рамазан Табылдиев пен «Зерек» жеңімпаз атанды. 3200 метрде Кәрімжан Құрбанжанов пен Beriyl Racer бірінші келді. Осы қашықтықта Табылдиев El Orda сәйгүлігімен күміс жүлде алса, Диас Жеңіс пен «Желдіқара» қола медальға ие болды.
Жамбы атудың «мажар» стилінде өнер көрсеткен Абзал Тұлыбеков те Қазақстан қоржынына қола жүлде қосты.
Осылайша, төртінші жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін аса нәтижелі өтті. Бір күннің өзінде ел спортшылары 9 алтын, 5 күміс және 7 қола - барлығы 21 медаль жеңіп алды.
5 қыркүйекте қазақстандық спортшылар жүлде үшін таласты жалғастырады. Келесі күннің бағдарламасында көкпар, көкбөрү, овари, мангала, тоғызқұмалақ, алыш, қазақ күресі, жамбы ату, пахлавани және корэш бойынша жарыстар өтеді.