Софья Берульцева Қазақстанға Азиада-2026 додасының төртінші алтынын сыйлады
Қазақстан құрамасы Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында төртінші алтын медалін жеңіп алды. Бұл жолы ел қоржынына жүлдені каратэден сынға түскен Софья Берульцева салды, деп хабарлайды Sports24.kz.
68 келіден жоғары салмақтағы финалда қазақстандық спортшы Таиланд өкілі Маниван Бутсуванмен кездесті. Берульцева шешуші жекпе-жекте қарсыласынан басым түсіп, Азиада-2026 чемпионы атанды.
Бұл - Софьяның мансабындағы тағы бір ірі жетістік. Қазақстандық каратэші Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері.
Қазақстанның Азиада-2026 додасындағы төрт алтыны
Қазақстанның Жапониядағы алғашқы алтынын Рината Сұлтанова жеңіп алды. Ол әйелдер арасындағы тасжолдағы жекелей жарыста топ жарды.
Одан кейін Алексей Луценко ерлер арасындағы жекелей уақытқа жарыста жеңіске жетіп, Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанды.
Үшінші алтынды Жоламан Бигабыл әкелді. Ол каратэден 55 келіге дейінгі салмақтың финалында Өзбекстан өкілін 9:1 есебімен жеңді.
Енді олардың қатарына Софья Берульцева қосылды. Оның жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында Азиада-2026 додасының төрт алтыны және жалпы алты медалі бар.