Азиада-2026: қазақстандық боксшылардың алғашқы қарсыластары анықталды
Айчи мен Нагояда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының бокс турниріне жеребе тартылып, Қазақстан құрамасы мүшелерінің алғашқы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бокс бәсекесі 21 қыркүйекте басталып, 2 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан барлық салмақ дәрежесінде сынға түседі: ерлер арасында алты, әйелдер арасында бес боксшы ел намысын қорғайды.
Құраманың бірқатар көшбасшысы жарысты келесі айналымнан бастайды. 55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан ирандық Мухаммед Каземи мен Солтүстік Корея өкілі Чон Со арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі. 60 келіде Оразбек Асылқұлов Қытай Тайбэйінің өкілі Джун Лин мен оңтүстіккореялық Дон Джанг жұбының мықтысымен жұдырықтасады.
70 келіде өнер көрсететін Төрехан Сабырхан да алғашқы айналымға қатыспайды. Оның қарсыласы вьетнамдық Нгуиен Д. мен катарлық Мохаммед Дбичи арасындағы кездесуде анықталады.
80 келіде Сабыржан Аққалықов Оңтүстік Корея өкілі Ким Минспен кездеседі. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай 90 келіге дейінгі салмақта алғашқы жекпе-жегін ауғанстандық Мохаммед Нууриге қарсы өткізеді.
Ал 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай қырғызстандық Мырзакир Кошалиев пен түрікменстандық Довлен Исламов арасындағы жекпе-жектің жеңімпазын күтеді.
Қазақстандық боксшылардың қарсыластары
Әйелдер арасындағы бәсекеде 51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова үндістандық Сакши мен Филиппин өкілі Виллегас арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.
54 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай жарысты қытайлық Суа Жаоға қарсы жекпе-жекпен бастайды. Ал 60 келіде Виктория Графеева Қытай Тайбэйінің өкілі Линь Юй-Тиньмен жұдырықтасады.
65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікей непалдық Таманг пен қытайлық Ли Шу арасындағы кездесудің жеңімпазын күтеді. 75 келіде Наталья Богданова алғашқы жекпе-жегін Өзбекстан өкілі Азиза Зокироваға қарсы өткізеді.
Осылайша, Қазақстан Азиада-2026 бокс турнирінің барлық 11 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.