Тіпті Месси де мұндай көрсеткішке жетпеген: Рафинья «Барселонаның» тарихи рекордын жаңартты
«Барселона» капитаны Рафинья 2026/27 маусымын керемет қарқынмен жалғастырып келеді. Бразилиялық шабуылшы Ла Лиганың жетінші турында «Севильяға» қарсы сырт алаңдағы матчта хет-трик жасап, каталониялықтардың 3:1 есебімен камбэк жасауына көмектесті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Есепті алаң иелері ашты. 19-минутта Юссуф Фофана Феликс Коррейяның пасынан кейін баспен дәл соққы жасады. Алайда «Севильяның» басымдығы ұзаққа созылған жоқ. Андреас Кристенсен Рафиньяны ыңғайлы позицияға шығарып, бразилиялық есепті теңестірді.
Үзілістен кейін де басты рөлде «Барселона» капитаны болды. 52-минутта Рафинья Ламин Ямальдың пасын баспен қақпаға бағыттаса, 69-минутта испаниялық футболшының тағы бір нәтижелі пасынан кейін хет-тригін түйіндеді.
Бұл Рафиньяның қатарынан екінші хет-тригі болды. Бірнеше күн бұрын ол «Расинг» қақпасына да үш гол соққан еді. Енді бразилиялықтың маусымдағы сегіз ресми матчта 14 голы бар: оның 12-сін Ла Лигада, екеуін Чемпиондар лигасында соқты.
Мұндай нәтижені маусым басында «Барселона» тарихындағы бірде-бір футболшы көрсете алмаған. Рафинья осы аралықта 13 голдан соққан Сесар Родригес пен Шандор Кочиштің көрсеткішін басып озды. Тіпті Лионель Мессидің де маусымдағы алғашқы жеті матчтан кейінгі ең үздік нәтижесі 10 гол болған. Аргентиналық бұл көрсеткішке 2012/13 маусымында жеткен.
Рафиньяның тұрақтылығы да ерекше назар аударады. Алғашқы сегіз матчтың ішінде ол тек «Леванте» қақпасына гол соға алмады. Бірақ сол кездесудің өзінде екі нәтижелі пас берді. Бразилиялық «Атлетик» пен «Валенсияға» қарсы ойындарда мергендігімен көзге түсіп, «Эльче» мен «Фейеноордқа» дубль жасады. Артынша қатарынан екі матчта хет-трик тіркеді.
Севильядағы жеңіс Ханси Флик командасына мінсіз сериясын жалғастыруға мүмкіндік берді. «Барселона» Ла Лигадағы жеті кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, мүмкін болған 21 ұпайды толық жинады. Чемпиондар лигасын қоса есептегенде, каталониялықтар маусымды қатарынан сегіз жеңіспен бастады. Бұл - клуб тарихындағы ең үздік бастама.
Қазір «Барселона» Испания чемпионатының көшін бастап тұр. Каталониялықтар мадридтік дерби алдында Жозе Моуринью командасынан алты ұпай алда келеді. Дегенмен мадридтіктердің бір ойыны бар.