Шайдоровтың Франциядағы Гран-при қорытындысындағы орны белгілі болды
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Францияның Анже қаласында өткен 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Гран-приінің алғашқы кезеңінде қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша өз орнын білді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қысқа бағдарламада Шайдоров төрешілерден 80.25 ұпай алды, ал еркін бағдарламадағы көрсетіліміне 126.30 ұпай берілді. Жалпы 206.55 ұпай жинаған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы оныншы орынға тұрақтады.
Гран-при кезеңінің жеңімпазы француз мәнерлеп сырғанаушысы Адам Сяо Хим Фа болды — 284.24 ұпай. Екінші орынды Жапония өкілі Као Миура иеленді — 247.96 ұпай, ал үшінші орын оңтүстіккореялық мәнерлеп сырғанаушы Со Мин-гюге бұйырды — 244.90 ұпай.
Айта кетейік, Франциядағы турнир 2026/27 жылғы маусымдағы Гран-при сериясының алты кезеңінің біріншісі болды.
Еске салайық, Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, жаңа маусымды қолданыстағы Олимпиада чемпионы мәртебесінде бастап отыр.