Ризабек 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарында бірегей жетістікке жетуі мүмкін
Қазақстандық сарапшы әрі спорт комментаторы Данияр Кәрімжан Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарында қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұханның мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан тарихындағы еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан жеребе қорытындысы бойынша алғашқы белдесуінде Исмаил Картоевпен кездеседі. Ол ингуш күрес мектебінің түлегі және Тәжікстан құрамасы сапында өнер көрсетеді.
«Еңсерілмейтін кедергілер болмайды. Ризабек Айтмұхан 2023 жылы Қазақстанның еркін күрес мектебі әлем чемпиондарын тәрбиелей алатынын дәлелдеді. Ендеше, осы тарихты қайталап, жаңа тарау жазып, Азия ойындарында жеңіске жетпеске?
Оның үстіне еркін күрестен жазғы Азия ойындарының соңғы жеңімпазы сонау 1994 жылы Маулен Мамыров болған. Демек, Қазақстан бұл спорт түрінде 32 жылдан бері алтын медаль иеленген жоқ.
Жігіттеріміз финалға шықты, бірақ соңғы әрі шешуші қадамды жасау сәл сәті түспей жүрді. Ризабек Айтмұхан, Нұрқожа Қайпанов және Азамат Дәулетбеков – әбден қалыптасқан, тәжірибелі балуандар. Олар әлем чемпионаттарында, Азия ойындарында және көптеген ірі турнирлерде өнер көрсетті. Сондықтан психологиялық қысымға төтеп беруге жақсырақ дайын болуы керек», – деді Данияр Кәрімжан.
Еске сала кетейік, Жапонияда өтетін Азия ойындарында Қазақстан атынан еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта Нұрданат Айтанов, 65 келіге дейінгі салмақта Начын Куулалар, 74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов, 86 келіге дейінгі салмақта Азамат Дәулетбеков және 125 келіге дейінгі салмақта Едіге Қасымбек өнер көрсетеді.
Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 35 спорт түрінен медаль үшін бақ сынайтын 558 спортшы бар.