Күміс және екі қола: Қазақстанның Азиядадағы оныншы күндегі қорытындысы
29 қыркүйекте Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстанға күннің жалғыз күміс медалін жеңіл атлет Кристина Овчинникова әкелді. Ол әйелдер арасындағы биіктікке секіру сайысында 1,87 метр нәтижесімен екінші орын алды.
Қола медальді кураштан Арайлым Шегенова жеңіп алды. Қазақстандық спортшы 87 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті. Финалға шығу жолындағы белдесуде ол Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Ёнмен кездесті. Жеңісті кореялық спортшы иеленді.
Екінші қола медальді стенд атудан «трап» бағдарламасында өнер көрсеткен Қазақстан ерлер құрамасы жеңіп алды. Кувейт құрамасы 355 ұпай жинап, алтын медальға ие болды. 349 ұпай алған Катар күміс жүлдегер атанды. Қазақстан атынан бұл жарыста Даниил Почивалов, Алишер Айсалбаев және Марк Почивалов өнер көрсетті.
Жеңіп алған медальдерден бөлек, теннисші Юлия Путинцева теннис турнирінің ширек финалына өтті. Ол Қытай Тайбэйінің өкілі Я-и Янды 6:3, 6:1 есебімен жеңді.
Ал Соня Жиенбаева Азия ойындарының жекелей сындағы екінші раундында матч өткізіп, Қытай өкілі Ван Сиюйден үш сетте жеңіліп қалды — 1:6, 6:4, 1:6.
Сондай-ақ оқыңыз: Әлем чемпионымен шайқас: қазақстандық балуандар Азиядада кімдермен кездеседі
Осылайша, жарыстың оныншы күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 48 медаль бар: 9 алтын, 14 күміс және 25 қола.
XX жазғы Азия ойындары Жапонияда 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Жарысқа 45 елдің спортшылары қатысып, 460 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан құрамасы спорттың 35 түрінен 558 спортшымен ұсынылған.