locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Ресейлік мәнерлеп сырғанау жұлдыздары Алматыда өтетін Денис Тен мемориалына қатысады

Танымал ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар қазан айында Алматыда өтетін Denis Ten Memorial Challenge-2026 халықаралық турнирінде өнер көрсетеді
Басқа спорт түрлері
Sports24.kz сайтын Google-ға қосу
Ресейлік мәнерлеп сырғанау жұлдыздары Алматыда өтетін Денис Тен мемориалына қатысады
ФОТО: Getty images

Денис Тен мемориалына қатысатын спортшылар қатары танымал есімдермен толықты. Halyk Arena мұз айдынына Александра Игнатова (Трусова), Петр Гуменник және Владислав Дикиджи шығады. Олардың турнирге қатысатынын жарыс ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Оксана Тен растады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Трусова - 2022 жылғы Олимпиада ойындарының әйелдер арасындағы жекелей сында күміс жүлдегері. Ал Гуменник пен Дикиджи соңғы жылдары Ресейдің жетекші мәнерлеп сырғанаушыларының қатарында жүр. Қыркүйектің басында үшеуі де Жапонияда өткен Kinoshita Group Cup халықаралық турниріне қатысты. Ерлер бәсекесінде Дикиджи жеңіске жетсе, Трусова күміс жүлде иеленді.

«Алматылық көрермендердің Олимпиада жүлдегерлері мен жоғары деңгейдегі мәнерлеп сырғанаушыларды өз көзімен көре алатынына өте қуаныштымыз. Олардың өнерін, күрделі элементтерін тамашалап қана қоймай, осындай деңгейдегі спортшылардың тәжірибесін көруге мүмкіндік туады», - деді Оксана Тен.

2026 жылы Денис Тен мемориалы алғаш рет ISU Challenger Series жарыстарының 2026/27 жылғы маусым күнтізбесіне енді. Осыған байланысты турнир нәтижелері Халықаралық конькишілер одағы тарапынан есепке алынып, спортшылар әлемдік рейтингке қажетті ұпай жинай алады.

Denis Ten Memorial Challenge 7-10 қазан аралығында Алматыдағы Halyk Arena-да өтеді. Ұйымдастырушылар жарысқа 25-тен астам елден шамамен 150 мәнерлеп сырғанаушы келеді деп күтуде. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Франция, Германия, Венгрия, Оңтүстік Корея және Жапония спортшылары бар.

Бағдарламаға ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сын, сондай-ақ мұздағы би жарыстары енгізілген. Турнирдің соңғы күнінде шешуші бағдарламалар, марапаттау рәсімі және гала-шоу өтеді. Негізгі жарыстарды тамашалау көрермендер үшін тегін болады.

Denis Ten Memorial Challenge турнирі 2019 жылдан бері Денис Тенді еске алуға арналып өткізіліп келеді. Бірнеше жылдың ішінде жарыстың ауқымы кеңейіп, халықаралық деңгейдегі турнирге айналды. Ал биыл ол Challenger Series күнтізбесінен орын алды.

Денис Тен Қазақстан тарихында Олимпиада жүлдесін жеңіп алған алғашқы мәнерлеп сырғанаушы атанды. Ол 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарында қола медаль иеленді. Сондай-ақ Теннің еншісінде 2013 жылғы әлем чемпионатының күмісі, 2015 жылғы әлем чемпионатының қоласы және Төрт құрлық чемпионатының алтын жүлдесі бар.

Өткен жылы ерлер арасындағы жекелей сында Қазақстан өкілі Михаил Шайдоров топ жарып, Алматыдағы турнирдің жеңімпазы атанды.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie