«Медаль таққан жігіттерге қарай алмаймын»: Токсанбаева Азия ойындарынан кейін жаңа мәлімдеме жасады
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаева Азия ойындарындағы алтын медальдан айырылғанына әлі де алаңдайтынын мойындады. Спортшы жарақатынан айығып, 2027 жылғы әлем чемпионатында жүлде үшін күресуді көздеп отыр, деп хабарлайды Sports24.kz.
Болашақ жоспарлары туралы әлеуметтік желідегі оқырмандарының сұрақтарына жауап берген Токсанбаева Азия ойындарында медаль жеңіп алған спортшыларға қарау әзірге қиын екенін айтты.
«Психологиялық тұрғыдан қалпыма келу! (Медаль таққан жігіттерге сабырмен қарай алмаймын). Оң тізе буынымдағы жарақатты емдеу. Және, әрине, өз медалымды алу. Бірақ бұл жолы әлемдік деңгейдегі медаль — 2027 жылғы әлем чемпионаты (Бейжің, Қытай)», — деп жазды жеңіл атлет.

Ясмина Токсанбаева Азия ойындарындағы алтын медальдан не үшін айырылды?
21 жастағы қазақстандық спортшы спорттық жүріспен айналысады. Оның қоржынында 20 шақырымдық қашықтықта Азия чемпионатының күміс және қола медальдары бар.
Биылғы Азия ойындарында Токсанбаева 42 шақырымдық марафонға қатысып, мәреге бірінші болып жетті. Алайда жарыстан кейін спортшының аяқ киімі регламент талаптарына сай келмегені анықталып, оның нәтижесі жойылды.
Нәтижесінде қазақстандық спортшы дисквалификацияланып, алтын медальдан айырылды.
Нәтижесі жойылғанына қарамастан, Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы спортшыға жүлде ақшасы толық көлемде төленетінін мәлімдеді.
Енді Токсанбаева 2027 жылы Бейжіңде өтуі тиіс әлем чемпионатына дайындық пен қалпына келуге баса мән бермек.