WBC Мейірім Нұрсұлтановтың жекпе-жегіне қатысты жаңа шешім қабылдады
Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов иеленуі мүмкін орта салмақтағы чемпиондық белбеу үшін күрестің бұдан арғы сценарийін анықтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ұйымның қазіргі чемпионы Карлос Адамес Zuffa Boxing бокс лигасымен келісімшартқа отырғаннан кейін 17 қарашада титул қорғалмайтын жекпе-жек өткізуге рұқсат беру туралы WBC басшылығына өтініш білдірді. Ұйым доминикандық боксшының өтінішін қанағаттандырды.
Сонымен қатар WBC чемпиондық белбеудің тағдыры тәуелді болатын шарттарды белгіледі. Адамес жеңілген жағдайда титул бос деп жарияланады. Ал чемпион жеңіске жетсе, оның келесі қарсыласы Қазақстаннан шыққан міндетті үміткер Мейірім Нұрсұлтанов болуы тиіс.
«Жеңіске жеткен жағдайда чемпион Адаместің келесі қарсыласы WBC-нің міндетті үміткері Мейірім Нұрсұлтанов болуы керек. Адамес пен Нұрсұлтанов жекпе-жегінің жеңімпазы бұдан кейін WBC нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы Хесус Рамос-кішімен кездесуі тиіс», - делінген ұйым мәлімдемесінде.
Адаместің титулды қорғау жөніндегі міндеттемелері туралы мәселе 8-13 қараша аралығында Мексиканың Акапулько қаласында өтетін WBC-нің жыл сайынғы конгресінде қаралады.
Нұрсұлтанов WBC рейтингінде бірінші орында тұр және 2023 жылдан бері титулдық мүмкіндік күтуде. Қыркүйек айында қазақстандық боксшы уақытша чемпиондық белбеу үшін америкалық Хесус Рамос-кішімен кездесуі тиіс болған. Алайда қарсыласы тағамнан уланған деген күдікке байланысты салмақ қуу кезінде жекпе-жектен бас тартты. Осыдан кейін WBC Нұрсұлтановты Адаместің толыққанды титулына міндетті үміткер етіп тағайындады.