Денис Теннің анасы Қазақстандағы турнирге ресейлік мәнерлеп сырғанаушылардың қатысуы туралы пікір білдірді
2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен ресейлік мәнерлеп сырғанаушылардың қатысуы Алматыда өтіп жатқан ұлының мемориалын жанкүйерлер үшін қызықты еткенін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Денис Тен мемориалы Алматыдағы «Халық Аренада» 8-10 қазан аралығында Халықаралық конькишілер одағының (ISU) «Челленджер» сериясы аясында өтіп жатыр. Биылғы маусымда ресейлік спортшылар халықаралық турнирлерге жеке бейтарап мәртебеде қатысуға мүмкіндік алды.
Оксана Теннің айтуынша, ресейлік мәнерлеп сырғанаушылардың қатысуы жарыс атмосферасына айтарлықтай әсер еткен.
«Ресейлік спортшылармен бірге өте көп жанкүйер келді. Турнир, сөзсіз, сан жағынан да, сапа жағынан да жандана түсті. Спорттағы өзгерістердің болып жатқанына және барған сайын көбірек спортшының жарыстарға қатыса алатынына қуаныштымын», - деді ол.
Денис Тен мемориалына Қазақстан, Ресей және басқа елдердің үздік мәнерлеп сырғанаушылары қатысып жатыр. Ресей құрамынан Владислав Дикиджи, Петр Гуменник, Глеб Лутфуллин, Александра Трусова, сондай-ақ жасөспірімдер санатындағы спортшылар өнер көрсетуде.
Қазақстан атынан әйелдер арасындағы жекелей сында Софья Самоделкина қатысады. Мәнерлеп сырғанаушы бұған дейін Ресей атынан өнер көрсеткен, алайда 2023 жылдан бері Қазақстанның намысын қорғап келеді.
Денис Тен - Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегері. Ол 2018 жылдың жазында Алматыда 25 жасында қаза тапты. Оның құрметіне арналған мемориал 2019 жылдан бері өткізіліп келеді.