«Қаңтарда ма?»: сарапшы Шавкат Рахмоновтың оралуына күмән келтірді
Шавкат Рахмонов екі жылға жуық үзілістен кейін октагонға оралуға жақын, ал қазақстандықтың ықтимал қарсыластарының бірі ретінде жеңіліп көрмеген Майкл Моралес аталып отыр, деп хабарлайды Sports24.kz.
NAIZA TV подкастында эквадорлық файтер Майкл Моралестің мәлімдемесі талқыланды. Ол UFC-тің оған 2027 жылдың қаңтарында жекпе-жек бергенін айтты. Оның сөзінше, қарсыласы Карлос Пратес те, Иэн Гэрри де болмайды. Алайда нақты кіммен кездесетінін атаған жоқ.
Сондай-ақ Моралес Рахмоновты жартылай орта салмақтағы «финалдық босс» деп атап, қазақстандықпен 2027 жылы жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін айтты.
Осы мәлімдемелерден кейін Сулла Хуфу Рахмоновтың толыққанды жаттығуларға оралып, қаңтарда жекпе-жек өткізуге дайын болатынына күмән келтірді.
«Шавкат ешқашан жекпе-жек өткізбейді. UFC-дегі (77 келіге дейінгі дивизиондағы) мына жігіттер күн сайын дайындалады, әлемдегі мықты спаррингшілермен жаттығады, бүкіл әлемді аралап жүреді. Ал Шавкат Фанильмен (Рафиков) ары кетсе жаттығады. Қандай дайындық, қандай қаңтар? Оның октагонға шықпағанына екі жыл болды. Қандай Моралес?», - деді Сулла Хуфу.
Рахмонов Моралеске қарсы жекпе-жекке ишара жасады
Қазақстандық спортшы жаттығу барысынан екі видео жариялады. Біріншісінде «19-0 VS 19-0», ал екіншісінде «2027» деген жазу және Өрмекші адам эмодзиі пайда болды. Бұл екі ишара да Майкл Моралеске қатысты деп бағаланды: эквадорлықтың да рекорды 19-0 және ол Өрмекші адам бейнесін қолданады.
Осыдан кейін DAR Team командасының жаттықтырушысы Эдуард Базров мұндай жекпе-жектің талқыланып жатқанын мәлімдеді. Алайда командада оның нақты ұйымдастырылуына қатысты ақпарат жоқ. Жаттықтырушының айтуынша, ең жақсы жағдайда Шавкат 2027 жылдың ақпанында толыққанды оралуға дайын болуы мүмкін.
Шавкат Рахмонов екі жыл жекпе-жек өткізген жоқ
Еске салайық, қазақстандық спортшы соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізді. Сол кезде Рахмонов Иэн Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, UFC чемпиондық белбеуіне басты үміткерлердің бірі мәртебесін сақтап қалды.
Кейін Шавкат титулдық жекпе-жек өткізуі керек болған, алайда тізесіндегі жарақатына байланысты айқастан бас тартты. Осыдан кейін спортшыға қайта операция жасалып, оның октагонға оралу мерзімі кейінге шегерілді.
Ұзақ уақыт бойы жекпе-жек өткізбегеніне байланысты Шавкат UFC-тің жартылай орта салмақтағы ресми рейтингінен шығарылды. Бұған дейін ол рейтингте екінші орында тұрған еді.