locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Бір жеңіс көп нәрсені өзгерте алады» - Сатпаевтың жаттықтырушысы командасының сәтсіздіктері туралы

«Бернли» осы маусымда Чемпионшипте әзірге жеңіске жете алмай келеді
«Бір жеңіс көп нәрсені өзгерте алады» - Сатпаевтың жаттықтырушысы командасының сәтсіздіктері туралы
ФОТО: Getty Images

«Бернли» клубының бас бапкері Ники Хайен командаға жағдайды өзгертіп, футболшылардың өзіне деген сенімін қайтару үшін бір ғана жеңіс қажет деп санайды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Ағылшын клубы маусым басында қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Сегіз турдан кейін «Бернли» жеңіссіз келеді, ал Хайеннің өзі үлкен қысымға ұшырап отыр.

Сонымен қатар жақын арада бельгиялық маманның қарамағына қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев қайта қосылуы мүмкін.

«Бізге бір ғана жеңіс – жеңістің сезімі мен тәжірибесі қажет. Қазір командаға дәл осы нәрсе керек. Жаңа футболшылар тың серпін әкеле алады, өйткені оларда өткен маусымдағы жағымсыз тәжірибе жоқ», – деді Хайен.

Маман қысымға қарамастан жұмысын әдеттегі тәртіппен жалғастырып жатқанын да айтты.

«Мен бұрынғыдай жұмыс істей беремін. Әр матчқа мен үшін соңғы ойын болуы мүмкін деген көзқараспен қараймын. Бұл маған назарымды сақтап, командаға энергия беруге мүмкіндік береді», – деді бапкер.

Сатпаевтың жарақаты

18 жастағы футболшы жамбас бұлшықетінің жарақатына байланысты командасының төрт матчын өткізіп алды. Сатпаев 2 қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы ойында жарақат алып, содан кейін қалпына келу процесінен өтті. Бүгін қазақстандық ойыншының жаттығуға оралғаны белгілі болды.

Жарақат алғанға дейін Дастан «Бернли» сапында төрт ресми матч өткізді. Чемпионшипте ол «Вест Бромвич», «Норвич» және «Мидлсброға» қарсы ойындарға қатысты. Сонымен қатар Англия Лигасы кубогында «Брэдфорд Ситиге» қарсы кездесуді негізгі құрамда бастады. Жалпы ойын уақыты 283 минутты құрады. Әзірге оның еншісінде гол да, нәтижелі пас та жоқ.

«Бернлидің» келесі кездесуі «Уотфордқа» қарсы өтеді. Матч 10 қазанда Уотфордтағы «Викаридж Роуд» стадионында ұйымдастырылып, Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.

«Бернли» сегіз матчтан кейін төрт ұпай жинап, турнир кестесінің соңғы сатысында тұр.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie