Азия чемпионаты: Қазақстандық семсерлесушілер жарыстың алғашқы күнінде екі рет үздік ондыққа енді
Бали аралында өтіп жатқан жарыстың бірінші күні жекелей сында жүлделер сарапқа салынды: ерлер – сэбэрде, әйелдер – рапирада бақ сынады.
Ерлер арасында Қазақстан атынан сынға түскен Артём Саркисян үздік нәтиже көрсетіп, жетінші орын алды. Жартылай финалға шығу жолындағы тартысты кездесуде ол жапон спортшысы Қайто Стритске 14:15 есебімен есе жіберді. Тағы үш қазақстандық семсерлесуші келесі нәтижелерге қол жеткізді: Жанат Нәбиев – 20-орын, Бақдәулет Құралбекұлы – 31-орын, Назарбай Саттархан – 36-орын.
Әйелдер арасындағы рапира бәсекесінде София Ақтаева сегізінші орын иеленді. Ол жарыс барысында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері жапон қызы Сэра Азуманы жеңіп, көзге түсті. Күлжан Түсүпбекова – 28, Алена Гноева – 31-орынға тұрақтады.
Балидағы Азия чемпионаты 23 маусымға дейін жалғасады. Жарыс аясында жекелей және командалық сында бақ сынау жалғасады.
«Келесі жолы алтын әкелемін». Мейірлан Максим әлем чемпионатындағы жарақатынан кейін мәлімдеме жасады.