Қазақстанның жас спортшылары дипломсыз-ақ бюджеттен жалақы ала алады
ҚР Туризм және спорт министрлігі «нұсқаушы-спортшы» лауазымына қойылатын міндетті біліктілік талабы ретінде орта білімнің болуын бекітті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Тиісті өзгерістер Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша енгізілді.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата спортшыларды, соның ішінде жоғары жетістіктер спортындағы атлеттерді тәрбиелеу мен даярлауға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізген болатын.
«Аудит қорытындысы бойынша министрлікке нұсқаушы-спортшы лауазымына қойылатын біліктілік талаптарын төмендету ұсынылды. Атап айтқанда, кадрларды даярлау бағыты бойынша «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) білімнің, не «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің, сондай-ақ спорт түрі (түрлері) бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы құрамына қабылданған кезде жалпы орта білімнің болуына қатысты талаптарды қайта қарау ұсынылды», - делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.
Бұл талап колледждерде білім алып жүрген, аяқталған кәсіптік немесе жалпы орта білімі (11 сынып) жоқ, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген жас спортшыларды нұсқаушы-спортшы лауазымына қабылдауға және олардың еңбегіне ақы төлеуге мүмкіндік бермеді. Бұл өз кезегінде жас атлеттерді спорттық мансапты оқумен қатар алып жүруге ынталандырмады.
«Сонымен қатар көркем гимнастика, синхронды жүзу және мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерінде ересектер арасындағы Олимпиада ойындары мен басқа да халықаралық жарыстарға 16 жастан бастап қатысуға болады, ал бокс, жүзу және суға секіруден жарыстарға 19 жастан бастап қатысуға рұқсат етіледі. Нәтижесінде типтік біліктілік сипаттамаларына қажетті өзгерістер енгізілді. Енді нұсқаушы-спортшы лауазымына үміткердің кемінде орта білімі болуы керек», - деп атап өтілген релизде.
Қабылданған шара бюджет қаражаты есебінен жұмыс істейтін спортшылар үшін базалық білім беру стандартын бекітіп, оларды жаттығулар мен жарыстармен қатар білім алуды жалғастыруға ынталандырады. Бұдан бөлек, бұл қадам үлкен спорттан кейінгі өмірге, мысалы, жоғары оқу орнына түсуге, жаттықтырушылық жұмысқа ауысуға немесе басқа мамандықтарды игеруге негіз қалыптастырады.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген басқа да тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.