Қазақстандық балуандар әлем чемпионатында тағы үш медаль жеңіп алды
Қазақстандық балуандар 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында тағы үш медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орынға ие болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан құрамасы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионатында медальдар қоржынына тағы үш жүлде қосты,
Грек-рим күресінен 87 келіге дейінгі салмақтағы финалда қазақстандық Темірлан Тұрдақын ирандық Ясин Али Яздимен кездесті. 4:0 есебімен қарсыласы жеңіске жетті.
Қазақстан қоржынында бұған қоса екі қола медаль бар. Арсен Жұма (55 келіге дейін) үшінші орын үшін белдесуде қырғызстандық Барсбек Асанқожоевті жеңіп, қола жүлдегер атанды. Джохар Узaров та қола медаль үшін болған белдесуде жеңіске жетіп, аса ауыр салмақтағы Армения өкілінен басым түсті.
Осылайша, Қазақстанның грек-рим күресінен ұлттық құрамасы әлем чемпионатын бес медальмен аяқтап, командалық есепте екінші орын алды. Бұған дейін Айбек Айтбеков (-60 келі) пен Юсуф Ашрапов (-72 келі) әлем чемпионы атанған болатын.
Турнир әйелдер күресінен жарыстармен жалғасады.