Қазақстанда Азия ойындары чемпиондарының жүлдесі 50 мың долларға дейін ұлғайтылды
Қазақстанда Азия ойындарындағы алтын медаль үшін берілетін ақшалай сыйақы мөлшері ұлғайтылды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Енді құрлықтық дода чемпиондары 50 мың доллардан алады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Ведомство басшысының айтуынша, спорт федерациялары мен Спортты дамыту қоры арқылы тартылған бюджеттен тыс қаражат есебінен сыйақы мөлшерін 40 мың долларға арттыру мүмкін болған.
«Биыл федерациялар мен Спортты дамыту қоры арқылы тартылған бюджеттен тыс қаражат есебінен Азия ойындарының чемпиондарына берілетін сыйақыны 50 мың долларға дейін ұлғайттық. Қалған жүлдегерлер мемлекеттік органдармен келісу және халықаралық федерациялармен қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін төлем алады», - деді министр.
Осылайша, бұған дейін алтын медаль үшін берілетін сыйақы 10 мың доллар болған. Ал күміс және қола жүлдегерлерге төленетін нақты сомалар әзірге жарияланған жоқ.
Азия ойындары — төрт жылда бір рет өтетін құрлықтағы ең ірі кешенді спорттық жарыс. Олардың бағдарламасына олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері кіреді, ал Қазақстан құрамасы бұл додаға дәстүрлі түрде қатысады.