locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Жаттығуға келмеуді айтты»: Бояркин «Барыстағы» Шутовпен бәсекелестігі туралы пікір білдірді

Қазір хоккейшілер әртүрлі командаларда ойнайды
Хоккей
ФОТО: КХЛ

Қазақстандық қақпашы Никита Бояркин «Барыста» ойнаған кезеңінде Андрей Шутовпен бәсекелестігі туралы айтылған әңгімелерге пікір білдірді. Қақпашының айтуынша, олардың бақталастығы қазіргі таңда әртүрлі клубтардағы жетістіктеріне себеп болған жоқ, деп хабарлайды Sports24.kz ҚХЛ ресми сайтына сілтеме жасап.

Бояркин Астаналық клубтан кеткеннен кейін жуырда алғаш рет «Барыс Аренада» ойнады. Бұл матч ол үшін ерекше болды: жанкүйерлер хоккейшіні жылы қарсы алды, ал трибунада ата-анасы мен достары отырды.

««Барыс Аренада» алғаш рет қонақ мәртебесінде ойнадым, көңілге жағымды болды, жақсы естеліктер көп екен. Жанкүйерлер жылы қарсы алып, бүкіл ойын бойы қолдау көрсетті. Жақындарым келіп, көрісіп қайтты. Владивосток өте алыс қой, келе алатындардың бәрінде мүмкіндік бола бермейді. Ата-анам, достарым келді. Өз үйімде ойнағандай сезім болды десем де болады», - деді қақпашы.

Бояркин сондай-ақ Андрей Шутов екеуіне «Барыста» ойын уақытын бөлісу қиын болғаны, өйткені қос қақпашы да қосалқы рөлінен асып кеткені туралы пікірге тоқталды. Қазір хоккейшілер әртүрлі командаларда ойнайды.

«Меніңше, мұның бәрі жасанды түрде туындады. Бір-бірімізге ешқандай өшпенділік танытқан емеспіз, ешкім ешкімнің конькиінің жүзін қайраған жоқ (күледі). Ол өз жұмысын істеді, мен өз жұмысымды істедім», - деді Бояркин.

Сонымен бірге қақпашы әртүрлі клубтарға ауысу бәсекелестікті жоймағанын атап өтті. Оның сөзінше, екі командада да мықты қақпашылар бар, сондықтан нәтижесіне қарамастан, ешкім құрамдағы орнын алдын ала қамтамасыз ете алмайды.

«Егер нашар ойнасаң, бәсекелесің шығып, «қақпаны тартып алады». Әрине, бәріміз доспыз, бірақ қақпа бәрімізге ортақ», - деп атап өтті хоккейші.

Бояркин қазіргі нәтижелер көп жағдайда жазғы дайындыққа, шеберлікті шыңдауға және жарақаттан кейін қалпына келуге байланысты екенін де айтты. Оның пікірінше, бұл факторлар қақпашылардың қайсысы қосалқы рөлінен асып кеткені туралы әңгімелерден әлдеқайда маңызды.

Дау тудырған ауысу ма?

Хоккейшінің айтуынша, «Барыс» басшылығы оған жаңа келісімшарт ұсынбаған. Ынтымақтастықты тоқтататынын оған небәрі үш күн бұрын хабарлап, жаттығуға енді келмеуін сұраған.

Осыдан кейін жаңа команда іздеуге екі аптадай уақыт кеткен. Қақпашыға «Адмирал» қызығушылық танытқанымен, Бояркин бастапқыда ұсынысты бірден қабылдамаған.

««Барыстан» ешқандай ұсыныс болған жоқ. Үш күн бұрын қоңырау шалып, жаттығуға келмеуді айтты. Одан кейін команда іздеуге екі аптадай уақыт кетті. Бір апта ішінде «Адмиралдан» хабарласып, маған қызығушылық танытты. Ол кезде әлі де есеңгіреп жүрген едім, ұсынысты бірден қабылдамадым, қызығушылығым бар екенін айтып, ойлануға уақыт сұрадым. Үш күннің ішінде бәрін талқылап, келісіп, келісімшартқа қол қойдым», - деді Бояркин.

Еске салайық, өткен маусымда Бояркин оң тізе буынының алдыңғы айқас байламына жарақат алған. Ол Германияда ота жасатып, маусым басталар алдында Астананың клубынан кетіп, «теңізшілер» командасына қосылды.

Арсен Алиев
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie