«Оған ойнаудың не қажеті бар?»: Карлсен Асаубаевамен болған жанжалдан кейін ақталды
Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен Венгрияның Будапешт қаласында өткен Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде дау ортасында қалды. Әлемдік рейтингтің көшбасшысы қазақстандық Бибісара Асаубаевамен соңғы партияларға екі рет шығудан бас тартып, басқа шахматшылардың сынына ұшырады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қарсыластық екі ойын күні бойы жалғасты. Әр күннің бағдарламасына блиц, рапид және жылдам классика партиялары кірді. Ал жылдам классика форматындағы соңғы партия үшін сегіз ұпай берілетін.
Бірінші күні Карлсен блицте үш партияда жеңіске жетіп, рапидтегі екі кездесуде де басым түсті. Блицтегі тағы бір партия тең аяқталды. Соның арқасында норвегиялық 11,5:0,5 есебімен алға шығып, матчта мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Асаубаева соңғы кездесуге ойын залына алғашқылардың бірі болып келіп, тақта басына отырды. Қазақстандық шахматшы қарсыласын 15 минуттан астам күтті. Карлсен алаңға келгенімен, ойнауға отырмай, турнирдің бас төрешісі Анастасия Сорокинаға бет алды. Төрешімен сөйлескеннен кейін норвегиялық залдан шығып кетті, ал оның қарсыласына техникалық жеңіс берілді.
Сорокинаның айтуынша, Карлсен бас тартпас бұрын партияға келмегені үшін қандай жаза қарастырылғанын сұраған. Нәтижесінде ол рейтингтік ұпай жоғалтқан жоқ, бірақ осы кездесу үшін берілетін сегіз ұпайдан қағылды. Бірінші ойын күнінің қорытындысы — норвегиялықтың пайдасына 11,5:8,5.
Карлсен екінші күні де ойнаудан бас тартты
Келесі күні оқиға қайталанды. Карлсен Асаубаеваға қарсы матчта тағы да мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, жылдам классика форматындағы соңғы партияға шығудан бас тартты.
Осы сәтке дейін норвегиялық блицтегі төрт партияның бәрінде жеңіске жетіп, рапидте бір рет жеңіп, бір рет тең түскен еді. Соңғы кездесудің алдында ол 10:2 есебімен алда тұрды.
Карлсен классика партиясын қайтадан ойнамады, ал Асаубаеваға техникалық жеңіс берілді. Осылайша екінші ойын күні 10:10 есебімен аяқталды.
Екі күннің қорытындысы бойынша норвегиялық 21,5:18,5 есебімен жеңіске жетті. Карлсен турнирдің 17-орны үшін күресін жалғастырады, ал қазақстандық шахматшы 19-орын үшін ойнайды.
Карлсен неге ойнаудан бас тартты?
Норвегиялық өз шешімін матчты аяқталды деп санағанымен, ал соңғы партияның айтарлықтай маңызы жоқтығымен түсіндірді.
«Келмегенімнің жалғыз салдары — мүлде маңызы жоқ партияда жеңілу. Егер рейтингтік ұпайлар сарапқа салынатын әлем чемпионы атағы үшін матч болса, ойнау керектігін түсінер едім. Бірақ бұл — көрме турнирі: матч аяқталса, демек, ол аяқталды», — деп Карлсеннің сөзін норвегиялық TV2 телеарнасы келтіреді.
Мұндай шешімге шахматшының рейтингтік жағдайы себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Карлсен Будапешттегі турнирде жылдам классика форматында сәтсіз өнер көрсетті: топтық кезеңдегі он партияның бірде-бірінде жеңіске жетпей, армениялық гроссмейстер Айк Мартиросяннан жеңілді.
Нәтижесінде норвегиялық рейтингтік 22 ұпайынан айырылып, рейтингі 2800-ден асатын шахматшылар клубынан шығып қалу қаупіне тап болды. Бұған қоса, әлемдік рейтингтегі ең жақын қуғыншысы Хикару Накамура одан небәрі тоғыз ұпайға қалып келе жатты.
Басқа шахматшылар қалай пікір білдірді?
Карлсеннің әрекеті шахмат қауымдастығында екіұдай реакция тудырды. Америкалық гроссмейстер Ханс Ниманн норвегиялықты қатаң сынға алып, ойнаудан бас тартуын ұйымдастырушылар мен қарсыласына құрметсіздік деп атады.
«Партиядан бас тарту — ұйымдастырушылар мен қарсыласқа көрсетілген зор құрметсіздік. Кейбір турнирлерде мұндай әрекеті үшін ойыншыны жарыстан мүлде шеттетер еді», — деді Ниманн ChessBase India-ға берген сұхбатында.
Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) басшылығының кеңесшісі Эмиль Сутовский де Карлсеннің әрекетін спортқа жат қылық деп бағалады.
Ал америкалық гроссмейстер Уэсли Со норвегиялықтың шешімін қолдады. Ол соңғы партияның рейтингке ықтимал әсеріне назар аударды.
«Магнус ештеңе ұтпайды. Егер ол тең ойнаса, Хикару Накамура (әлемнің екінші шахматшысы, Эло рейтингінде Карлсеннен тоғыз ұпайға қалып келе жатыр) қатты қуанады. Хикару — суда жемтігін аңдыған қолтырауын секілді. Егер Магнус Бибісарадан жеңілсе, Хикару аяқ астынан әлемнің бірінші шахматшысы атанар еді. Магнустың орнында болсам, мен де дәл солай істер едім, өйткені ол матчта жеңіп қойды». Шынымды айтсам, мұның жаман жағын көріп тұрған жоқпын, себебі ол ештеңе ұтпайды. Меніңше, Магнус ақылмен шешім қабылдады. Оған ойнаудың не қажеті бар? Жеңсе, рейтингіне бір ұпай қосылады. Ал жеңілсе, тоғыз ұпай жоғалтады!» — деп түсіндірді Со.
Ал ресейлік гроссмейстер Ян Непомнящий блиц пен рапидте осындай үлкен басымдыққа ие болып, соңғы партиядан бас тартуға мүмкіндік алған Карлсеннің жағдайына тіпті аздап қызғанышпен қарайтынын мойындады.
Ұйымдастырушылар не деді?
Total Chess бас директоры Кьелл Мадланд Будапешттегі турнир 2027 жылғы наурызда жарыстарды толық форматта іске қосар алдындағы эксперименттік кезең екенін айтты.
Оның сөзінше, ұйымдастырушылар ойыншылар мен төрешілердің пікірін зерттеп, қолданыстағы ережелердің қалай жұмыс істейтінін бағалап, қажет болса, алғашқы толыққанды маусым басталғанға дейін өзгерістер енгізбек.
Сонымен бірге Мадланд ұйымдастырушыларда регламентті қайта қарау жөнінде әзірге алдын ала қабылданған шешім жоқ екенін атап өтті. Пилоттық турнирдің мақсаты — форматты нақты жарыс жағдайында сынап, оны ресми түрде іске қосқанға дейін қандай өзгерістер қажет болуы мүмкін екенін анықтау.