Қазақстан қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізуді көздеп отыр
Қазақстан қазақ күресін жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасына енгізу туралы ресми өтінім берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда ұлттық спорттың 11 түрі бар.
Ал қазақ күресі мен тоғызқұмалақ федерациялары әлемнің 50-ден астам елінде құрылған.
«Жақын уақытта Қазақстанға Азия Олимпиадалық кеңесінің бас хатшысы келеді. Біз қазақ күресін жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасына енгізу туралы өтінім бердік», - деді Мырзабосынов.
Ол сондай-ақ тоғызқұмалақтың Қазақстанда ғана емес, шетелде де қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл спорт түрінен әлем және Азия чемпионаттары тұрақты түрде өткізіледі.
Алдағы уақытта Туризм және спорт министрлігі тоғызқұмалақты халықаралық көпсалалы жарыстардың бағдарламасына енгізуге күш салмақ.
Айта кетейік, жабық кешендегі және жекпе-жек өнері бойынша Азия ойындары бұған дейін 2027 жылға шегерілген болатын.