locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

АҚШ-та тарихи секіріс жасаған Самоделкина Алматыдағы мұз шоуында өнер көрсетеді

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы «Алиса ғажайыптар елінде» атты жаңа жылдық қойылымда басты рөлді сомдайды
Басқа спорт түрлері
АҚШ-та тарихи секіріс жасаған Самоделкина Алматыдағы мұз шоуында өнер көрсетеді
ФОТО: olympic.kz

АҚШ-та өткен Skate America Гран-при кезеңінде тарихи жетістікке қол жеткізген қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина отандық жанкүйерлер алдында өнер көрсетуге дайындалып жатыр. 26 желтоқсанда 19 жастағы спортшы Almaty Arena кешенінде өтетін «Алиса ғажайыптар елінде» атты жаңа жылдық мұз шоуында басты рөлді сомдайды, деп хабарлайды Sports24.kz.

13–15 қараша аралығында АҚШ-тың Эверетт қаласында өткен ISU Гран-при сериясының төртінші кезеңінде Самоделкина ресми жарыста үштік аксель орындаған алғашқы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды.

Үш жарым айналымнан тұратын бұл элемент үштік секірістердің ішіндегі ең күрделісі саналады. Төрешілер спортшының секірісті орындау кезінде ширек айналымға жетпей қалғанын тіркегенімен, элемент есепке алынды. Осылайша, Самоделкина Қазақстанның мәнерлеп сырғанау тарихында ерекше жетістікке қол жеткізді.

Еркін бағдарламада Софья 137,56 ұпай жинап, қатысушылар арасында төртінші нәтиже көрсетті. Ал қысқа бағдарламадан кейін небәрі 11-орында тұрған отандасымыз шешуші сайыста бірден алты сатыға жоғары көтерілді.

Нәтижесінде Самоделкина екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 198,59 ұпай еншілеп, жарысты бесінші орынмен аяқтады. Ал америкалық кезеңнің жеңімпазы жапониялық Ами Накаи атанды.

Айта кетейік, бұл қазақстандық спортшының биылғы Гран-при сериясындағы қатарынан екінші бесінші орны. Бұған дейін Канададағы Келоуна қаласында өткен Skate Canada International турнирінде Софья 206,89 ұпай жинаған еді. Сондай-ақ қысқа бағдарламада 71,84 ұпай алып, жеке рекордын жаңартты.

Екі кезеңнің қорытындысында Самоделкина 14 ұпай жинады. Алайда бұл көрсеткіш серияның алты үздік мәнерлеп сырғанаушысы қатысатын финалдық жарысқа жолдама алуға жеткіліксіз болды.

Гран-при кезеңдеріндегі өнерін аяқтаған Софья енді өзін жаңа қырынан көрсетпек. 26 желтоқсанда Алматыда Льюис Кэрроллдың әйгілі ертегісінің желісі бойынша қойылған «Алиса ғажайыптар елінде» атты жаңа жылдық мұз спектаклі өтеді. Қазақстандық спортшы қойылымның басты кейіпкері Алисаның бейнесін сомдайды. Көрермендерге ұсынылатын спектакльде мәнерлеп сырғанау, актерлік шеберлік, әуе акробатикасы және заманауи визуалды технологиялар тоғысады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қойылымға 28-ге дейін мәнерлеп сырғанаушы қатысады.

Самоделкинаның айтуынша, мұндай жобаға қатысудың өзі үшін ерекше мәні бар. Өйткені спортшы бала кезінде мұз үстінде қойылатын ертегілерді қызыға тамашалаған.

«Бала кезімде өзім де мұз үстіндегі ертегілерді тамашалайтынмын. Сол кезден ең керемет әсерлер есімде қалды. Біздің көрермендеріміз де сол сиқырлы атмосфераны сезініп, алған әсерлерін ұзақ уақыт бойы жадында сақтаса екен деймін. Біздің міндетіміз – жай ғана нөмірлерді орындау емес, ертегі кейіпкерлерін тірілту», – деді Софья Самоделкина.

Мұз шоуы 26 желтоқсанда Almaty Arena кешенінде өтеді. Көрермендер үшін сағат 12:00 және 15:00-де екі қойылым жоспарланған. Сонымен қатар спектакльге Қазақстан чемпионы Диас Жиренбаев қатысып, Қалпақшының рөлін сомдайды.

Софья Самоделкина туралы не белгілі?

19 жастағы мәнерлеп сырғанаушы 2024 жылдан бері Қазақстан намысын қорғап келеді. Қазіргі уақытта ол АҚШ-тың Калифорния штатында белгілі бапкер Рафаэль Арутюнянның жетекшілігімен жаттығады.

Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен уақыт ішінде Самоделкина бірқатар халықаралық жарыста жүлдегер атанды. Атап айтқанда, 2025 жылы NHK Trophy Гран-при кезеңінде күміс медаль жеңіп алып, Дүниежүзілік қысқы Универсиадада қола жүлдеге ие болды.

Спортшының мансабындағы маңызды жетістіктердің бірі – 2026 жылы Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы нәтижесі. Милан мен Кортина-д’Ампеццода ұйымдастырылған төртжылдықтың басты додасында Самоделкина әйелдер арасындағы жекелей сында 10-орын иеленді.

Қысқа бағдарламада 68,47 ұпай жинап, 12-сатыға тұрақтаған қазақстандық спортшы еркін бағдарламада 138,99 ұпай алды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie