«Тезірек нокаутқа түсіру»: Асу Алмабаев Хоригучимен жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады
Қазақстандық UFC жауынгері Асу Алмабаев жапониялық Кёдзи Хоригучимен өтетін жекпе-жек туралы пікір білдіріп, аса жеңіл салмақтағы чемпиондық додадағы мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бакуде Чарльз Джонсонды жеңгеннен кейін Алмабаев соңғы үш жылда UFC-дің аса жеңіл дивизионында ең көп жеңіске жеткен жауынгерлер арасында үшінші орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш бойынша қазақстандық тек қазіргі чемпион Джошуа Ваннан ғана қалып тұр.
2023 жылғы тамызда UFC-дегі дебютінен бері Алмабаев сегіз жекпе-жек өткізіп, оның жетеуінде жеңіске жетті. Қазір оның қатарынан үш жекпе-жекте жеңіске жеткен сериясы бар.
«Тек тынымсыз жаттығып, алдыға мақсат қойып, соған қарай ұмтылу керек. Жеңіске жете берсеңіз, осындай деңгейге жеткенде, қажырлы еңбек етсеңіз, міндетті түрде мақсатыңызға жетесіз», - деді ол.
Асу Алмабаев әр жекпе-жекте барынша жақсы өнер көрсетіп, төрешілердің жеңісіне күмәндануына жол бермеуге тырысатынын атап өтті:
«Әр жекпе-жекте, әр раундта барымды саламын. Жекпе-жектерімді көрсеңіздер, бірде-бір раундта жеңілген емеспін әрі төрешілердің бөлінген шешімімен де жеңген емеспін. Не мерзімінен бұрын жеңіске жетемін, не нокаутпен ұтамын. Әрдайым жеңіске ұмтыламын әрі жеңісіме еш күмән қалдырмай, сенімді түрде жеңуді қалаймын».
Қазақстандық Хоригучимен алдағы жекпе-жегін тәжірибелі қарсыласпен кездесіп, өзін танытуға берілген маңызды мүмкіндік деп атады. Оның пікірінше, жапониялық жауынгер чемпиондық белбеу үшін күресуге дайын екенін дәлелдейтін үлкен сынақ болады.
«Бұл — тамаша мүмкіндік. Ол — аңыз, спортта көптен бері жүр әрі талай сынақтан өткен жауынгер. Сондықтан осындай қарсыласпен жекпе-жекте өзіңді дәлелдеген жөн. UFC не істеп жатқанын біледі және октагонға шығып, титул үшін күресуге мүмкіндікті жайдан-жай бермейді. Олар сізді Кёдзи сияқты қарсыласпен кездестіреді, осылайша титул үшін күресуге лайық екеніңізді дәлелдеген-дәлелдемегеніңізді тексереді. Мен жоғарыға шығу үшін қарсыластардан жалтаратын немесе өзіме ыңғайлы қарсыласты таңдайтындардың қатарынан емеспін», - деп қосты жауынгер.
Алмабаев UFC-дегі бәсекесі ең жоғары салмақ дәрежелерінің бірінде оның жетістіктері мен болашағына күмән келтіретін сыншыларға да жауап берді.
«Жекпе-жектің соңына дейін күресіп, маған оңайлықпен бұйырмайтын жеңіске жетуге тырысамын. Көп адам маған, шеберлігім мен жеңістеріме күмән келтіреді. Бірақ бұл — неге қабілетті екенімді, қаншалықты жан-жақты жауынгер екенімді және дәл өз орнымда тұрғанымды көрсетуге жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Басымдық танытып, оны тезірек нокаутқа түсіріп, тартымды өнер көрсету керек. Сол үшін бонус алып, біраз ақша тапқым келеді», - деп түйіндеді ол.
Асу Алмабаев пен Кёдзи Хоригучидің жекпе-жегі 21 қарашада Қатардың Доха қаласында UFC Fight Night 294 турнирінің негізгі кардында өтеді. Бұл — қазақстандық жауынгер үшін аса жеңіл дивизиондағы чемпиондық додада өз орнын нығайтуға берілген мүмкіндік.