Месси, Мбаппе мен Ямаль 2026 жылдың үздік футболшысы атағына таласады
Жыл сайынғы Globe Soccer Awards сыйлығының ұйымдастырушылары 2026 жылдың үздік футболшысы атағына үміткерлерді жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Үміткерлер қатарында аргентиналық Лионель Месси, француз Килиан Мбаппе, испаниялық Ламин Ямаль, норвегиялық Эрлинг Холанд және Англия құрамасының шабуылшысы Гарри Кейн бар.
Клубтар арасында ең көп үміткер Францияның ПСЖ сапынан ұсынылды. Париждік команданың бірден сегіз футболшысы марапатқа үміткер: Усман Дембеле, Дезире Дуэ, Ашраф Хакими, Хвича Кварацхелия, Нуну Мендеш, Жоау Невеш, Фабиан Руис және Витинья.
Мадридтік «Реал» сапынан Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор және Джуд Беллингем ұсынылды. Мюнхендік «Бавариядан» Гарри Кейн мен Майкл Олисе үміткерлер тізіміне енсе, «Барселона» атынан Ламин Ямаль бақ сынайды.
Дауыс берудің ең танымал қатысушыларының бірі — Лионель Месси. Аргентиналық футболшы 2015 жылы Globe Soccer Awards нұсқасы бойынша жылдың үздік футболшысы атанған.
Марапаттың қазіргі иегері — 2025 жылы осы номинацияда жеңіске жеткен ПСЖ шабуылшысы Усман Дембеле.
Дауыс берудің алғашқы кезеңі 18 қарашада басталып, 30 қарашаға дейін жалғасады. Жанкүйерлер өз фавориттеріне сыйлықтың ресми сайтында дауыс бере алады.
Globe Soccer Awards 2026 марапаттау рәсімі 28 желтоқсанда Біріккен Араб Әмірліктерінде өтеді.