«Жапон нарығы UFC үшін қызықты»: сарапшы Хоригутидің титулдық жарыста Алмабаевтан озып кетуі мүмкін екенін түсіндірді
Saq Pro Team командасының бас бапкері, жекпе-жек сарапшысы Дәулет Нұрланұлы Sports24.kz тілшісіне алдағы айқасқа қатысты пікір білдіріп, оның нәтижесі екі спортшының да титулдық мүмкіндіктеріне қалай әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Маманның пікірінше, бұл текетіресте жеңіске жеткен спортшы UFC-дің аса жеңіл салмағындағы чемпиондық жарысқа жақындай түседі. Алайда Нұрланұлы Хоригутидің спорттық нәтижелерге тікелей қатысы жоқ қосымша артықшылығы бар деп есептейді.
«Асу мен Хоригутидің мәнерлері бір-біріне қолайсыз»
Сарапшы Алмабаев пен Хоригути арасындағы жекпе-жекті ерекше қызығушылықпен күтетінін айтты. Оның пікірінше, екі спортшының да айқас жүргізу ерекшеліктері қарсыласына едәуір қиындық туғызуы мүмкін.
«Мен Асу мен Киодзи Хоригутидің жекпе-жегін ерекше күтіп жүрмін. Екеуінің де мәнері бір-біріне қолайсыз болатыны қызық. Алмабаевтың командасындағы жігіттермен, соның ішінде Қазбек Сағынмен сөйлескенімде, ол Асудың бабында екенін айтты. Алмабаев сапалы оқу-жаттығу жиындарын өткізді деп ойлаймын: алдымен Осетияда, кейін Алматы тауларында болды, ал қазір Қатарда дайындықтың соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Бауырымыз Асуға сәттілік тілейміз», - деді Нұрланұлы.
«Жеңімпаз титулдық жекпе-жекке жақындай алады»
Спортшылардың болашағы туралы сөз қозғаған маман алдағы жекпе-жектегі жеңіс бірден чемпиондық белбеу үшін таласуға мүмкіндік бермеуі мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен жеңімпаздың ықтимал үміткерлер арасындағы орны нығая түсуі мүмкін.
«Бұл жұптың жеңімпазы бірден болмаса да, титулдық жекпе-жекке қосалқы үміткерлердің бірі болу мүмкіндігіне ие болуы ықтимал. Капе – Пантожа – Ван үштігінен кейін Алмабаев пен Хоригути жұбының бір өкілі кезекте келесі тұруы мүмкін деп ойлаймын», - дейді сарапшы.
Сонымен қатар Нұрланұлы келесі үміткерді анықтағанда UFC спорттық жетістіктермен қатар файтерлердің коммерциялық тартымдылығын да ескеруі мүмкін екенін айтты.
«Бұл жерде спортшылардың деңгейімен қатар география да рөл атқаруы мүмкін. Егер Хоригути Асуды жеңсе, титулдық жекпе-жекке келесі үміткер атануы ықтимал, өйткені оның артында UFC үшін қызықты жапон нарығы тұр. Ал Асу жеңсе, кезегін күтіп жүрген ықтимал үміткерлер тізіміне қосылуы мүмкін», - деп түйіндеді Нұрланұлы.