Макгрегор Ирландияны таңғалдырды: UFC жұлдызы президент сайлауынан бас тартты
UFC-дің екі салмақ дәрежесінде бұрынғы чемпионы Конор Макгрегор Ирландия президенті сайлауына қатыспайтынын ресми түрде жариялады.
Спортшының айтуынша, бұл шешімді қабылдау оңай болмаған, алайда ол отбасымен ашық сөйлескеннен кейін осындай қадамға барған.
«Мен өз кандидатурамды алып тастауға шешім қабылдадым. Ұзақ ойландым, жақындарыммен ақылдастым және дәл қазір бұл дұрыс қадам деп ойлаймын. Бірақ Ирландияға деген сүйіспеншілігім мен адалдығым өзгермейді», – деп жазды Макгрегор әлеуметтік желіде.
Еске сала кетейік, 37 жастағы спортшы бұған дейін сайлауға түсу ниетін білдірген болатын және елдегі қазіргі биліктің саясатын бірнеше рет сынға алған. Дегенмен, саясаттан шеттегеніне қарамастан, Макгрегор көлеңкеде қалмақ емес: ол UFC-ге қайта оралатынын растады.
Ирландиялық файтер 2026 жылдың маусым айында октагонға шығады. Оның айтуынша, турнир ерекше жерде – Ақ үй аумағында өтеді.
Макгрегор соңғы рет 2021 жылдың шілде айында UFC 264 турнирінде айқасқан еді. Ол кезде америкалық Дастин Порьеге техникалық нокаутпен жеңілген. Жекпе-жек өнеріндегі кәсіби мансабында Макгрегор 22 жеңіске жетіп, 6 рет жеңілген.