Асу Алмабаев UFC-тің Қазақстандағы турнирінде өзбекстандықпен жұдырықтасуы мүмкін
Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев америкалық промоушеннің Қазақстанда өтетін турнирінде өзбекстандық Рамазан Темировпен жұдырықтасуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz Bugun Sport-қа сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, UFC матчмейкерлері жеңіл салмақтағы екі файтердің жекпе-жегін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Кездесу 2027 жылғы 1 мамырда Қазақстанда өтетін турнир аясында ұйымдастырылуы мүмкін.
Бұған дейін Алмабаев пен Темиров октагонда кездесуі керек болған. Олардың жекпе-жегі 2025 жылғы шілдеде Әбу-Дабиде өтуі жоспарланған еді, алайда өзбекстандық файтер UFC-тің антидопинг ережесін бұзғаннан кейін айқас өтпей қалды.
Кейін Темировтың сынамасынан тыйым салынған зат табылып, ол бір жылға жарыстардан шеттетілді.
Алмабаевтың кәсіби ММА-дегі еншісінде 24 жеңіс пен төрт жеңіліс бар. Темиров 20 рет жеңіп, төрт рет жеңілген.
Қазақстандық соңғы жекпе-жегінде Катардың Доха қаласында өткен UFC Fight Night 294 турнирінде жапониялық Кёдзи Хоригучимен кездесті. Айқас толық қашықтыққа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жапониялық спортшы 30-27, 30-27, 29-28 есебімен жеңіске жетті.