Урманов Шайдоровпен арадағы қарым-қатынастың үзілгені туралы алғаш рет пікір білдіріп, мән-жайды ашты
Ресейлік маман Алексей Урманов Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровпен ынтымақтастығының аяқталғанына алғаш рет пікір білдірді. Бапкер қоштасуға өзі бастамашы болмағанын айтып, олардың соңғы әңгімесі қалай өткенін баяндады, деп хабарлайды Sports24.kz «Бес Допинга»-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Шайдоровтың Урмановпен жұмысын тоқтатқанын растаған еді. Фигуристің өзі де Instagram желісінде қоштасу жазбасын жариялап, тәлімгеріне он жылға жуық бірлескен жұмысы үшін алғыс айтты.
«Он жыл ішінде Алексей Евгеньевич маған мол кәсіби білім мен тәжірибе беріп, дамуыма көп күш-жігері мен білімін жұмсады. Енді алға жылжитын кез келді. Алда жаңа кезең күтіп тұр. Онда оңай болмауы, кейде қорқынышты сезілуі мүмкін, бірақ жаңа мақсаттар мен сын-қатерлер міндетті түрде болады», - деп жазды Шайдоров.
«Бес Допинга» арнасына берген сұхбатында Урманов ынтымақтастықты тоқтату үшін ешқандай әрекет жасамағанын айтты. Оның сөзінше, қазақстандық спортшы Франциядағы Гран-при кезеңінде сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін ол алдағы жұмысты талқылауды ұсынған, алайда Шайдоров жеке кездесуге келмеген.
«Мен бұл үшін ештеңе істеген жоқпын. Сондықтан қисынға салсақ, өзімді ақтап жатсам, ақымақтық болар еді. Ештеңе істемеген адам не үшін ақталуы керек? Ал шындықтың бәрі тек Михаилдың басында.
Менің шындығым — Франциядағы турнирді сәтті аяқтай алмадық. Сол кезде оны құшақтап: «Мишка, кез келген сәтте сөйлесуге дайынмын. Тек белгі бер, екеуміз отырып сөйлесеміз, әрі қарай не істейтінімізді ойластырамыз, қорытынды шығарамыз», - дедім. Осыдан кейін спортшы менімен кездесуге келмей, телефон шалып, қарым-қатынасымызды аяқтайтын шығармыз деді», - деп әңгімеледі бапкер.
Урманов олардың соңғы телефон арқылы сөйлескенін де еске алды. Оның айтуынша, Шайдоров атқарған жұмысы үшін алғыс айтқан, ал маман оған өз кезегінде ризашылығын білдірген.
«Бірнеше күннен кейін Михаил маған осы жаққа телефон шалып, менің өзі үшін істегенімнің бәріне қаншалықты риза екенін айтты. Мен: «Миш, он жылға жуық уақыт бойы осындай жақсы жұмыс істеп, Олимпиаданың алтын медаліне қол жеткізгеніміз үшін саған алғыс айтамын», - деп жауап бердім. Осымен бәрі аяқталды», — деп қосты Урманов.
Сонымен қатар маман Шайдоровтың 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейінгі мінез-құлқындағы өзгерістер туралы пікір білдірді. Алайда ол басқа адамның ішкі дүниесінде не өзгергеніне баға бере алмайтынын атап өтті.
«Біріншіден, мен басқа адамның ішкі дүниесіне үңіле алмаймын. Екіншіден, Франциядағы турнирде не болғанын бақыласаңыздар, ол көптеген сұхбат берді, БАҚ назарында болды — әрі жұрттың бәріне өзінің мүлде өзгермегенін ашық айтты», - деді бапкер.
Еске сала кетейік, Шайдоров пен Урманов он жылға жуық уақыт бірге жұмыс істеді. Ресейлік маманның жетекшілігімен қазақстандық спортшы Миланда өткен 2026 жылғы Олимпиадада алтын медаль жеңіп алды.