Қостанайдағы INVICTUS GO клубының ашылуына жүздеген қала тұрғыны жиналды
Қостанайда INVICTUS GO Kostanay фитнес-клубының салтанатты ашылуы өтті. Ашылу рәсіміне жүздеген қала тұрғыны келді, деп хабарлайды Sports24.kz
Қонақтар жаңа спорт кешенімен танысып, жаттығу залдарының жабдықталуын көрді, сондай-ақ байқаулар мен жүлделер ойнатуға қатысты.
Рәсімді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ашты. Іс-шараға Қостанай қаласының әкімі Марат Жұндубаев та қатысты. Қонақтарға арнаған сөзінде өңір басшысы бұқаралық спортты дамыту және тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына жағдай жасау облыстың басым міндеттері болып қала беретінін атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – спортпен шұғылдануға барынша қолайлы жағдай жасап, тұрғындардың пайдалы әрі мазмұнды демалысына мүмкіндік туғызу. Жаңа фитнес-клуб Қостанай тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді заманауи спорттық-сауықтыру орталығына айналатынына сенімдімін», – деді Құмар Ақсақалов.

Жаңа фитнес-клуб INVICTUS GO форматындағы клубтардың арасында Қазақстандағы ең ірісі болды. Аумағы 3 000 шаршы метр кешенде жаттығу залдары, топтық сабақтарға арналған кеңістіктер, функционалды жаттығу және демалыс аймақтары орналасқан. Кешен италиялық Technogym брендінің кәсіби жабдықтарымен қамтылған және бір мезетте 200 адамды қабылдай алады.
Мұнда жаттығудың бірнеше түрі бір жерге жинақталған. Келушілер залда өз бетінше жаттыға алады, топтық сабақтарды таңдайды немесе функционалды жаттығумен айналысады. Қостанайдың солтүстік-батыс ауданы тұрғындары үшін клубтың ашылуы жаттығуды енді үйге жақын жерде күнделікті тірлігіне ыңғайлап өткізуге мүмкіндік береді.

Жобаға салынған инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрады. Клубтың ашылуымен қалада 30 жаңа жұмыс орны пайда болды. Желі Қостанайда дамуын жалғастырып жатыр. Триатлон-саябақ ауданында аумағы 4 000 шаршы метр болатын екінші INVICTUS GO клубының құрылысы басталып кетті.