Ярославльдегі феерия: «Барыс» «Локомотивті» тас-талқан етті
Астаналық «Барыс» 20 қыркүйекте ҚХЛ-дегі сырт алаңдағы сериясының үшінші матчын ярославльдік «Локомотивке» қарсы өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Локомотив» бұл матчқа бірде-бір жеңіліссіз және өз конференциясының айқын көшбасшысы мәртебесінде келді. Сондықтан Ярославльдегі бүгінгі кездесудің нәтижесі тіпті күтпеген болды.
Матч Михаил Кравец шәкірттері үшін нағыз феерияға айналды: «Барыс» «теміржолшыларды» сөзбе-сөз тас-талқан етіп, оларға еш мүмкіндік қалдырмады.
Астаналық команда қарсыласының қақпасына жауапсыз бес шайба соқты. Дәл соққыларын Джейк Масси, Логан Дэй, Джастин Бейли, Ансар Шайхмедденов және Семен Симонов өз есептеріне жазды.
Осы матчтан кейін астаналық команданың еншісінде сегіз ұпай бар, ал ҚХЛ-дің Шығыс конференциясы турнирлік кестесінде бесінші орында тұр.
Астанаға оралмас бұрын сырт алаңдағы сериясын «Барыс» 22 қыркүйекте Мәскеуде «Динамоға» қарсы матчпен аяқтайды.