Мансабында алғаш рет: «Барыстың» қақпашысы ҚХЛ-дің беделді марапатына ие болды
Құрлықтық хоккей лигасы чемпионаттың екінші аптасындағы үздік ойыншыларды атады. Беделді тізімге «Барыстың» қақпашысы Андрей Шутов та еніп, өз позициясында үздік атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Астана командасының қақпашысы сарапшылардың ерекше мойындауына «Локомотивпен» өткен матчтан кейін ие болды. Бұл кездесу қарсаңында ярославльдік команда жеңіліс көрмеген еді. Ал «Барыс» ярославльдік ұжымды 5:0 есебімен ойсырата жеңді, оның үстіне бұл жеңісті қарсыласының мұз айдынында тіркеді. Ал Шутов «Локомотив» хоккейшілерінің 36 соққысын қайтарып, қақпасын голдан аман сақтады.
«Мансабында алғаш рет аптаның үздік қақпашысы болып «Барыс» командасының өкілі Андрей Шутов танылды. Ол аптадағы екі матчтың бірінде жеңіске жетіп, сенімділік коэффициенті 0 болды. Шутовтың қақпасына 51 соққы жасалып, ол олардың 100 пайызын қайтарды. «Локомотивке» қарсы матчта (5:0) Шутов қақпасын голдан аман сақтады», — делінген ҚХЛ баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Ярославльдегі жеңістің арқасында «Барыс» алты матчтың қорытындысы бойынша Шығыс конференциясында бесінші орынға нық орнығып, «Автомобилист» пен «Авангардтан» екі ұпайға ұзап кетті.