Әсел Қанай Қазақстанға Азия ойындарындағы алғашқы күміс жүлдені сыйлады
Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны каратэден кезекті медальмен толықты, деп хабарлайды Sports24.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, әйелдер арасындағы 61 келіге дейінгі салмақтағы финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсел Қанай мен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия және Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы Гун Ли (Қытай) кездесті. Әлемдік деңгейдегі екі спортшы арасындағы тартысты жекпе-жекте Қытай өкілі 8:2 есебімен жеңіске жетті.
Жарыс барысында Әсел үш кездесу өткізіп, барлығында да қарсыластарын сенімді түрде жеңді:
1/8 финал: Актер Хумайра Антора (Бангладеш) — 9:1.
Ширек финал: Маралжингоо Пуревжав (Моңғолия) — 6:0.
Жартылай финал: Чакрия Ван (Камбоджа) — 3:0.
Кеше ойындардың чемпионы атанғандар — Жоламан Бигабыл (−55 кг) және Софья Берульцева (+68 кг). Ертең татамиге Бэлла Самашева (−55 кг) мен Нұрқанат Ажиканов (−75 кг) шығады.
Еске салайық, Әсел Қанай — 2023 жылы Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарының және әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қанайдың күмісі — Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Ойындардағы осындай деңгейдегі алғашқы жүлдесі. Бұған дейін команда қоржынында төрт алтын және үш қола медаль болған.
XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 558 спортшы өнер көрсетіп жатыр. Олар спорттың 35 түрінен медаль сарапқа салады