locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Кравец «Барыстың» ҚХЛ-да «Адмиралға» қарсы матчтың барысын қалай өзгерткенін түсіндірді

Кравец туған күнінде «Барыстың» ҚХЛ-дағы жеңісті қалай жұлып алғанын айтып берді
Хоккей
Кравец «Барыстың» ҚХЛ-да «Адмиралға» қарсы матчтың барысын қалай өзгерткенін түсіндірді
ФОТО: ХК Барыс

Астаналық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында Владивостоктың «Адмирал» командасына қарсы өз айдынында өткен кездесуді қорытындылады. 4:2 есебімен аяқталған матчтан кейін маман ұзаққа созылған сырт алаңдағы ойындар сериясы шәкірттерінің тың күшіне әсер еткенін мойындады. Дегенмен шешуші кезеңде мінез көрсетіп, кездесудің тағдырын өзгерте білген хоккейшілерінің жігерін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.

12 қарашада «Барыс Аренада» өткен кездесу қазақстандық клубтың бас бапкерінің 63 жасқа толған күнімен тұспа-тұс келді. Ойынды сәтті бастаған астаналықтар бірінші кезеңнің соңында қарсыласына екі шайба соғуға мүмкіндік беріп, есепте қалып қойды.

Матчтың бетбұрыс сәті тек үшінші кезеңде туды. Алдымен Аркадий Шестаков таразы басын теңестірсе, кейін Всеволод Логвин дубль жасап, «Барысқа» көптен күткен жеңісті сыйлады.

Финалдық сиренадан кейін Кравец туған күнімен құттықтаған ойыншыларына алғыс айтып, бұл жеңіске жету оңай болмағанын жеткізді.

«Жігіттер мені туған күніммен құттықтады. Әрине, мұндай жеңіс ерекше қуаныш сыйлайды. Ойын өте ауыр өтті. Қиыр Шығысқа жасаған ұзақ сапарлардан кейін хоккейшілердің кей сәттерде тың күш пен эмоция жағынан қиналғаны байқалды. Соған қарамастан, олар бойларынан күш тауып, табандылық пен қайсарлық танытты. Үшінші кезеңде біз күткен ойынды көрсетіп, лайықты жеңіске жетті», - деді Кравец.

Бас бапкер ұзаққа созылған сырт алаңдағы кездесулерден кейін Астанаға оралудың маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, өз жанкүйерлерінің алдында қол жеткізген табыс турнирлік жағдайды жақсартумен қатар, хоккейшілердің психологиялық тұрғыдан серпілуіне де ықпал етеді.

«Біз көптен бері өз жанкүйерлеріміздің алдында ойнаған жоқпыз. Сондықтан үйге оралып, жеңіске жету біз үшін өте маңызды болды. Бүгінгі нәтиже тек екі ұпаймен шектелмейді. Мұндай табыс ойыншылардың өз күшіне деген сенімін арттырып, жағымды әсер сыйлайды. Сонымен қатар сырт алаңдағы ұзақ сапардан жиналған шаршауды аз да болса ұмытуға көмектеседі», - деп толықтырды маман.

«Адмиралды» жеңген «Барыс» қатарынан үш матчқа созылған сәтсіз сериясын тоқтатты. 25 кездесуден кейін 27 ұпай жинаған астаналық клуб ҚХЛ Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде бесінші орынға көтерілді.

Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 15 қарашада Шығыс конференциясының көшбасшысы Магнитогорскінің «Металлург» командасына қарсы өткізеді. Матч Астанада өтеді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie