locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Барыс» ресейлік қақпашымен келісімшарт жасасты: Кравец трансфер мен Шепардқа қатысты шешімді түсіндірді

«Барыс» Дмитрий Николаевты өз қатарына қосты
Хоккей
«Барыс» ресейлік қақпашымен келісімшарт жасасты: Кравец трансфер мен Шепардқа қатысты шешімді түсіндірді
ФОТО: ХК Трактор

Қазақстандық «Барыс» хоккей клубы Челябінің «Трактор» командасынан Дмитрий Николаевтың ауысқанын ресми түрде жариялады. Екі клуб арасындағы келісімге сәйкес, ресейлік ұжым қақпашының орнына ақшалай өтемақы алды. «Адмиралға» қарсы өз айдынында өткен матчтағы (4:2) жеңістен кейін астаналықтардың бас бапкері Михаил Кравец жаңа ойыншының келуіне қатысты пікір білдіріп, команда құрамында алдағы уақытта өзгерістер болатынын растады, деп хабарлайды Sports24.kz.

26 жастағы Николаев 2025/26 жылғы маусым барысында «Тракторға» ауысып, Челябі клубының сапында өзін көрсете білді. Ол 24 кездесуде 11 жеңіске жетіп, қарсыластарының соққыларының 92,9 пайызын қайтарды. Қақпашының сенімділік коэффициенті 2,18 болды.

Биылғы тұрақты чемпионатта Николаев «Трактор» сапында он матч өткізіп, соның алтауында жеңіске жетті. Ол қақпасына бағытталған соққылардың 92,8 пайызын тойтарып, 2,20 сенімділік коэффициентін тіркеді.

«Барыстың» жаңа ойыншысы бұған дейін Санкт-Петербургтің СКА, Мәскеудің «Спартак» және Нижнекамскінің «Нефтехимик» клубтарында өнер көрсеткен. Жалпы Құрлықтық хоккей лигасында 175 матчқа қатысып, 95 жеңіске қол жеткізген.

«Адмиралмен» кездесуден кейін Михаил Кравец ресейлік қақпашының мүмкіндіктерін жақсы білетінін айтты. Маман Николаевпен оның кәсіби мансабының алғашқы кезеңінде жұмыс істеген және содан бері ойыншының дамуын бақылап жүрген.

«Дмитрийді бұрыннан танимын. Кезінде оны «Варяги» командасында жаттықтырдым. Ол кезде қазір «Сан-Хоседе» ойнайтын Ярослав Аскаровпен бірге өнер көрсеткен. Содан бері Николаев айтарлықтай өсті, СКА мен басқа да клубтарда тәжірибе жинады. Мен оны өте жақсы қақпашы деп есептеймін. Оның плей-оффқа шығу жолындағы күресте бізге көмектесе алатынына сенімдімін», – деді Кравец.

Николаевтың келуі астаналық клубтың қақпашылар құрамына да өзгеріс әкелмек. Бас бапкер бастапқыда негізгі қақпашы ретінде қарастырылған америкалық Хантер Шепардпен қоштасу жоспарланып отырғанын растады.

«Бір командада бірден үш қақпашыны ұстай алмаймыз. Шынымды айтсам, Хантердің «Барыста» жақсы өнер көрсеткенін қатты қаладым. Біз оған негізгі қақпашы ретінде сенім арттық, өзін дәлелдеуге мүмкіндік бердік. Өкінішке қарай, ол бұл рөлге толықтай бейімделіп, командадан тұрақты орын ала алмады», – деп түсіндірді маман.

Шепард биылғы маусымда 13 кездесуге қатысып, төрт жеңіске жетті. Америкалық қақпашы қарсыластарының соққыларының 87,5 пайызын қайтарса, сенімділік коэффициенті 3,37 болды.

Жаңа қақпашының келуі «Барыстың» плей-офф жолдамасы үшін тартысты күрес жүргізіп жатқан кезеңімен тұспа-тұс келді. Владивостоктың «Адмирал» командасын 4:2 есебімен жеңген астаналықтар қатарынан үш матчқа созылған сәтсіз сериясын тоқтатып, турнирлік кестедегі жағдайын жақсартты.

Михаил Кравец шәкірттері 25 кездесуде 27 ұпай жинап, Шығыс конференциясында сегізінші орыннан бесінші сатыға көтерілді. Ал төртінші орында тұрған «Авангардтан» небәрі бір ұпайға қалып келеді.

Алдағы уақытта «Барысты» чемпионаттағы күрделі кездесулердің бірі күтіп тұр. 15 қарашада қазақстандық клуб Шығыс конференциясының көшбасшысы Магнитогорскінің «Металлург» командасын қабылдайды.

Матч «Барыс Аренада» өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де басталады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie