Бельгияға гол соғып, Украинаны ЧМ плей-оффына шығарды: «Ордабасы» жаңалығының мансабындағы бес жарқын сәт
Шымкенттік «Ордабасы» 28 жастағы украиналық жартылай қорғаушы Алексей Гуцулякпен екі жылдық келісімшартқа отырғанын жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан чемпионының жаңа ойыншысы халықаралық аренада өз атын танытып үлгерді. Оның Испаниядағы ойындары, Украина чемпионатының жүлделері және ұлттық құрама сапында соққан маңызды голдары бар. Sports24.kz футболшы мансабындағы бес жарқын сәтті еске түсіреді.
1. Украина құрамасындағы алғашқы голын Бельгияға қарсы матчта соқты
2025 жылғы 20 наурызда Гуцуляк Ұлттар лигасының Бельгияға қарсы алғашқы өтпелі матчында ұлттық құрама сапындағы дебют голын соқты. Украиналықтар 0:1 есебімен ұтылып жатқанда, жартылай қорғаушы 66-минутта таразы басын теңестірді. Кейін оның командасы тағы екі гол соғып, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл Гуцуляктың құрама сапындағы алғашқы әрі халықаралық мансабындағы ең маңызды голдарының бірі болды.
2. Украинаның әлем чемпионатының іріктеуіндегі плей-офф кезеңіне шығуына көмектесті
2025 жылғы 16 қарашада Украина құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеуінің топтық кезеңіндегі соңғы турда Исландиямен кездесті. Украиналықтарға тек жеңіс қажет еді. Гуцуляк соғылған екі голға да тікелей атсалысты. Әуелі ол алғашқы голдың ұйымдастырылуына көмектесті, ал қосымша уақытта қарсыластар қақпасын өзі дәл көздеді. Украина 2:0 есебімен жеңіске жетіп, топта екінші орын алды да, плей-офф кезеңіне жолдама иеленді.
3. «Днепр-1» сапында Украина чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды
Гуцуляктың алғашқы ірі командалық жетістіктерінің бірі — 2022/23 жылғы маусымда Украина Премьер-лигасының күміс жүлдесін жеңіп алуы. Сол кезде «Днепр-1» екінші орынға тұрақтап, чемпиондық атақты Донецктің «Шахтеріне» жол берді. Гуцуляк днепрлік клубта 2021 жылдан 2024 жылға дейін ойнады. Осы аралықта ол негізгі құрамнан орын алып, команданың көзге түскен шабуылшы ойыншыларының біріне айналды. «Днепр-1» сапындағы сәтті ойындары жартылай қорғаушының ұлттық құраманың бапкерлер штабының назарына ілігуіне ықпал етті.
4. «Полесье» сапында қола жүлде алып, нәтижелі ойын өрнегін көрсетті
2024 жылы Гуцуляк Житомирдің «Полесьесіне» ауысып, онда екі маусым өткізді. 2025/26 жылғы Украина чемпионатында команда қола жүлдеге қол жеткізсе, футболшы шабуыл шебінің көшбасшыларының бірі болды. Ұлттық біріншіліктегі 25 матчта Гуцуляк сегіз гол соғып, алты нәтижелі пас берді. Житомирдегі ойындары украиналықтың ұлттық құрамадағы орнын нығайтып, оны құрамаға тұрақты түрде шақыруға жол ашты.
5. Қазақстан чемпионатындағы ең қымбат футболшы
«Ордабасыға» ауысу Гуцуляк мансабындағы жаңа кезеңге жол ашты. Украиналық екі жылдық келісімшартқа қол қойып, бірден ҚПЛ-дегі ең қымбат футболшылар рейтингінің көшін бастады. Transfermarkt бағалауынша, жартылай қорғаушының нарықтық құны үш миллион еврого тең. Салыстыру үшін, Гуцуляктың ең жақын қуғыншысы — «Астананың» жартылай қорғаушысы Иван Башич 1,5 миллион еуроға бағаланады. Демек, шымкенттік клубтың жаңа ойыншысы Қазақстан чемпионатындағы кез келген басқа футболшыдан екі есе қымбат. Ал «Ордабасы» Гуцуляктың «Полесьемен» келісімшарты аяқталғаннан кейін оны еркін агент ретінде қатарына қосты.