locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Барыс» «Адмиралды» жеңгеннен кейін ҚХЛ-да нешінші орынға көтерілді

«Барыс» «Адмиралды» ерік-жігерінің арқасында жеңіп, ҚХЛ-да бесінші орынға көтерілді
Хоккей
«Барыс» «Адмиралды» жеңгеннен кейін ҚХЛ-да нешінші орынға көтерілді
ФОТО: ХК Барыс

Қазақстандық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) турнирлік кестесіндегі жағдайын едәуір жақсартты. Владивостоктың «Адмирал» командасын өз айдынында 4:2 есебімен жеңген Михаил Кравец шәкірттері Шығыс конференциясында сегізінші орыннан бесінші сатыға көтерілді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кездесу 12 қарашада «Барыс Аренада» өтті. Астаналықтар алғашқы кезеңде есеп ашқанымен, үзіліске дейін қарсыласына екі шайба соғуға мүмкіндік берді. Екінші жиырма минуттықта командалар нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмады. Ал шешуші кезеңде айдын иелері қатарынан үш шайба соғып, матч тағдырын өз пайдасына шешті.

Кездесудің басты қаһармандарының бірі Всеволод Логвин болды. Дубль авторы атанған шабуылшы алдымен «Барысты» алға шығарса, кейін бос қақпаны дәл көздеп, ойынның нүктесін қойды.

Бұл жеңіс қазақстандық клубтың қатарынан үш матчқа созылған сәтсіз сериясын тоқтатып, плей-офф жолдамасы үшін күрестегі мүмкіндігін арттырды.

«Барыс» ҚХЛ турнирлік кестесінде нешінші орында?

25 матчтан кейін астаналық клубтың еншісінде 27 ұпай бар. «Адмиралға» қарсы жеңістің арқасында Михаил Кравец шәкірттері бірден үш саты жоғарылап, Шығыс конференциясында бесінші орынға жайғасты.

Дегенмен конференцияның орта тұсындағы бәсеке әлі де тартысты. Төртінші орында 24 кездесуде 28 ұпай жинаған Омбының «Авангард» командасы тұр. Демек, «Барыс» жақын қарсыласынан небәрі бір ұпайға қалып келеді. Оның үстіне омбылықтар бір матч кем өткізген.

Астаналықтармен бірдей 27 ұпай жинаған Екатеринбургтің «Автомобилист» клубы алтыншы орында орналасқан. Бұл команда 24 кездесу өткізді. Одан кейін 26 ұпайдан еншілеген Уфаның «Салават Юлаев» және Челябінің «Трактор» командалары келеді. Олар тиісінше 26 және 25 матч өткізген.

ФОТО: Чемпионат

Тоғызыншы сатыда 23 кездесуден кейін 25 ұпай жинаған Хабаровскінің «Амур» клубы тұр. Ал 24 ойында дәл осындай көрсеткішке қол жеткізген «Адмирал» оныншы орынға жайғасқан.

Шығыс конференциясының көшін бұрынғысынша Магнитогорскінің «Металлург» командасы бастап келеді. 26 матчта 39 ұпай жинаған клуб «Барыстан» 12 ұпайға алда тұр. Екінші орында 26 кездесуде 31 ұпай еншілеген Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасы орналасқан. Ал Қазанның «Ак Барс» клубы 27 ойында 28 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеп тұр.

Қазақстандық команда үшін бұл жеңістің маңызы зор. «Адмиралмен» кездесуге дейін «Барыс» сегізінші орында тұрған еді. Қатарынан үш матчта жеңіліс табуы да астаналықтардың турнирлік жағдайын қиындатып жіберген болатын.

Енді Михаил Кравец шәкірттерін 15 қарашада кезекті маңызды сынақ күтіп тұр. Астанаға Шығыс конференциясының көшбасшысы Магнитогорскінің «Металлург» командасы келеді.

Кездесу «Барыс Аренада» өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де басталады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie