Жеңіліссіз және Словакиядан ұпай алған: Қазақстанмен матч алдында Фарер құрамасы туралы не білу керек
Қазақстан құрамасы 6 қазанда Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы төртінші матчын өткізеді. «Астана Аренаға» Фарер аралдары келеді. Бұл команданы әдеттегідей аутсайдер қатарына қосу оңай, бірақ қазіргі нәтижелері мүлде басқа нәрсені көрсетіп отыр.
Sports24.kz қарсыластың қазіргі формасын, құрамын, нәтижелерін, ойын мәнерін және Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін футболшыларын талдап шықты.
Фарер аралдары C3 тобында әзірге бірде-бір рет жеңілген жоқ. Алғашқы үш турдың үшеуінде де бірдей 1:1 есебі тіркелді - Қазақстанмен, Молдовамен және топ көшбасшысы Словакиямен. Үш кездесуден кейін фарерліктердің еншісінде үш ұпай бар, олар үшінші орында. Ал Қазақстан бір ұпаймен соңғы сатыда келеді.
Енді оңай қарсылас емес
ФИФА рейтингінде Фарер аралдары 123-орында, Қазақстан - 111-сатыда. Қағаз жүзінде Джон ван ’т Шкип командасының позициясы жоғары болғанымен, арадағы айырмашылық қазір аса үлкен көрінбейді.
Оның үстіне Фарер құрамасының рейтингі соңғы жылдары біртіндеп жақсарып келеді. 2025 жылы олар 125-орында болса, 2024 жылы 137-сатыда тұрған.
Қазіргі құраманы жергілікті маман Эйдун Клакстейн жаттықтырады. Ол ұлттық команданы 2025 жылдың ақпанында қабылдап, екі жылдық келісімшартқа қол қойған. Бұған дейін жастар құрамасымен және Фарердің бірнеше жетекші клубымен жұмыс істеген.
Клакстейннің тұсында команда 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде сегіз матчтың төртеуін жеңіп, оның ішінде Чехияны да ұтқан. 2026 жылдың көктемінде федерация бапкермен жаңа келісім жайлы келіссөз бастаған.
Клакстейн өз командасының негізгі ұстанымын үш сөзбен сипаттайды: тәртіп, бірлік және мінез. Соңғы бір жарым жылда Фарер құрамасының ойыны дәл осы қағидаларға сүйеніп құрылып келеді.
Қазіргі Ұлттар лигасындағы матчтар да соны көрсетіп отыр.
Үш матч - үш рет 1:1
Алғашқы турда Фарер аралдары өз алаңында Қазақстанды қабылдады.
14-минутта Аки Самуэльсен есеп ашты, кейін Темірлан Ерланов таразы басын теңестірді - 1:1. Бұл ойында фарерліктер тек қорғанумен шектелген жоқ: олар Қазақстан қақпасына 14 соққы жасаса, біздің құрама 10 рет жауап берді. Сонымен қатар алаң иелері жеті бұрыштама орындады.
Үш күннен кейін Клакстейн командасы Кишиневке аттанды. Молдоваға қарсы ойында да есепті бірінші болып Фарер ашты - капитан Вильормур Давидсен пенальтиден дәл соқты. Үзілістен кейін Сергю Перчун есепті теңестіріп, кездесу тағы да 1:1 аяқталды.
Матчтан кейін Клакстейн екінші таймда Молдова қатты қысым жасағанын жасырмады және бір ұпайды жақсы нәтиже ретінде қабылдағанын айтты.

Ал ең маңызды сынақ 2 қазанда болды.
Фарерге бұған дейін Молдова мен Қазақстанды жеңген Словакия келді. Алаң иелері Гуннар Ватнхамардың автоголынан кейін есепте қалып қойды, бірақ үзілістен соң Адриан Юстинуссен алыстан дәл соғып, тағы да 1:1 жасады.
Бұл матчтағы статистика да көп нәрсені аңғартады. Допқа иелік ету көрсеткіші шамамен 36 пайыз болғанына қарамастан, фарерліктер Словакия қақпасына 15 соққы жасады. Словактарда - 12. Оның алтауы қақпаға дәл бағытталды.
Яғни Клакстейн командасының допсыз ұзақ ойнауы олардың пассив отырғанын білдірмейді.
Үш турда Фарер аралдары үш гол соғып, үш гол жіберді. Орташа доп иеленуі - 39,34 пайыз, пас дәлдігі - 77,34 пайыз. Бұл олардың ойын мәнерін анық көрсетеді: команда допты ұзақ бақылауға ұмтылмайды, керісінше ықшам қорғанысқа, жылдам алға шығуға және аз мүмкіндік болса да соны тиімді пайдалануға тырысады.
Фарер қалай ойнайды?
Қазақстанға қарсы алғашқы кездесуде Клакстейн 5-4-1 схемасына жақын құрылымды қолданды.
Қорғаныс кезінде команда төмен түсіп, орталық аймақты тығыз жабады және қарсыласын фланг арқылы шабуыл жасауға итермелейді.
Ал допты тартып алғаннан кейін бірден алға ұмтылады.
Жылдам шабуылдарда әсіресе Аки Самуэльсен, Йоаннес Бьорталид және Петур Кнудсен қауіпті. Фарерліктер ұзын пастарды, екінші доп үшін күресті және стандартты жағдайларды жиі қолданады. Бұрыштама мен айып добында қорғаушылар да алға шығады. Команданың тағы бір ерекшелігі - шыдамдылық.
Ұлттар лигасындағы үш матчтың ешқайсысында Фарер қиын сәттен кейін ойынының құрылымын жоғалтқан жоқ. Қазақстан есепті теңестірді - олар нәтижені ұстап қалды. Молдова қысымды күшейтті - тағы да тең есепті сақтады. Словакия алға шықты - фарерліктер жауап қайтара алды.
Сондықтан Қазақстан бірінші голдан кейін қарсылас бірден ыдырап кетеді деп күтпеуі керек.
Фарер құрамында кімдер бар?
Қыркүйек-қазан айындағы жиынға Клакстейн 23 футболшы шақырды. Оның 13-і Фарер аралдарынан тыс жерде өнер көрсетеді.
Қақпада Ұлттар лигасындағы үш матчтың бәрінде Маттиас Ламхауге ойнады. 27 жастағы қақпашы Норвегияның «Стремсгодсет» клубында өнер көрсетеді. Үш турда үш гол жіберген.
Қорғаныс шебінде шетел чемпионаттарында ойнайтын бірнеше футболшы бар. Андриас Эдмундссон италиялық «Веронаға» тиесілі, Гуннар Ватнхамар Данияның «Вайлесінде», Самуэль Чуквуди Австрияның «Ридінде», ал Мартин Агнарссон Швецияның «Мьельбю» клубында ойнайды.
Ерекше назар аударатын футболшылардың бірі - Вильормур Давидсен. 35 жастағы қорғаушы құраманың ең тәжірибелі ойыншыларының бірі әрі капитаны. Молдова қақпасына пенальтиден гол соққан да осы Давидсен.
Қазақстанға жақсы таныс ойыншы
Біздің жанкүйерлерге ең таныс футболшы - Йоаннес Бьорталид.
30 жастағы жартылай қорғаушы ҚПЛ-де «Қызылжар» сапында өнер көрсетеді. Сондықтан қазақстандық футболдың ерекшелігі мен жергілікті алаңдар оған бөтен емес. Бьорталид Ұлттар лигасының алғашқы үш кездесуінің бәрінде алаңға шықты.
Матч қарсаңындағы баспасөз мәслихатында да ол шағын оқиғаның кейіпкеріне айналды. Бьорталид:
«Здравствуйте - қазақша білетінім осы ғана. Әрі қарай ағылшынша сөйлеймін», - деді.
Алайда «здравствуйте» орыс тіліндегі сөз еді. Баспасөз мәслихатының соңында футболшы қатесін түзеп, журналистерге «Рақмет» деп қоштасты.
Алаңда оған деген көзқарас, әрине, басқаша болады. Бьорталид сызықтар арасында жақсы ойнайды, қазақстандық футболды жақсы біледі әрі қазіргі Фарер құрамасындағы тәжірибелі ойыншылардың бірі.
Тағы кімнен қауіп күтуге болады?
Біріншісі - Аки Самуэльсен. 22 жастағы «Мьельбю» футболшысы алғашқы матчта Қазақстан қақпасына гол соқты және Ұлттар лигасының үш кездесуінің бәріне қатысты.
Екіншісі - Адриан Юстинуссен. Даниялық «Хорсенс» шабуылшысы айып алаңы сыртынан соққы жасауда өте қауіпті. Словакияға қарсы кездесуде оның алаңға шығуы ойынды өзгертті: ол 55-минутта қосалқы құрамнан шығып, 66-минутта есепті теңестірді.
Тағы бір назар аударар ойыншы - Англияның «Гримсби Таун» клубында ойнайтын Геза Давид Тури. Ол үш турдың бәрінде алаңға шығып, орталық аймақта командаға үлкен көлемдегі жұмыс атқарады.
Бұл матч Қазақстан үшін неге маңызды?
Үш турдан кейін Қазақстанның жағдайы қиындап кетті.
Словакияда - жеті ұпай, Молдовада - төрт, Фарер аралдарында - үш, Қазақстанда бар болғаны бір ұпай.
Сондықтан тікелей қарсыласпен өтетін үйдегі матчта ұпай жоғалту Қазақстанның жағдайын одан әрі қиындатады.
Алғашқы кездесудің өзінде Фарер Қазақстанға оңай қарсылас болмайтынын көрсетті. Словакиямен тең нәтиже тіркелгеннен кейін Торсхавндағы 1:1-ді кездейсоқтық деуге де негіз қалмады.
Сондықтан Қазақстан үшін басты мәселе допқа көбірек иелік ету немесе көп шабуыл жасау ғана емес. Шешуші фактор - доппен жұмыс істеу жылдамдығы мен шабуылдың соңғы фазасындағы сапа.
Егер алаң иелері Фарерге бес қорғаушы мен олардың алдындағы төрт ойыншыдан тұратын тығыз қорғанысты еркін құруға мүмкіндік берсе, оны бұзу оңай болмайды.
Қазақстан - Фарер аралдары матчы 6 қазанда «Астана Аренада» өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.
