Вайс Алматыға бұрынғы сапарларын салыстырды: Қайрат өзгерді, мен де өзгердім
Словакияның «Слован» командасының бас бапкері Владимир Вайсс Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің сырт алаңдағы алғашқы ойыны қарсаңында «Қайратқа» қарсы матч алдында Алматыда өткен баспасөз мәслихатында сөйлеп өтті.
– Ертең жақсы футбол күтемін, стадион лық толы болады деп ойлаймын. «Қайраттың» өз арманы бар. Біздің де арманымыз бар — былтырғы жетістікті қайталау. Екі ойыннан кейін кім мықты, кім ақылдырақ екенін көреміз. Мен «Слованның» жақсы ойнауына барымды саламын. Алматы қаласын да, жанкүйерлерді де әрдайым құрметтеймін. Қарсыласымызды жақсы зерттедік – олар сенімді түрде екі айналымнан өтті. «Қайрат» 0:2 есебімен ұтылғанда, көп адам біз фин командасымен кездесеміз деп ойлаған еді. Бірақ мен бірінші ойында да «Қайраттың» жақсы ойнағанын көрдім. Олар эмоциямен, шын ықыласпен ойнады. Жанкүйер – он екінші ойыншы дейді, ол рас. Біз де өз алаңымызда 22 жарым мың жанкүйер күтеміз, – деді Вайсс.
Одан «Қайратпен» Еурокубоктарда әр 10 жыл сайын кездескенін (2005, 2015, 2025) еске алып, сандардың сиқырына сенесіз бе?» деп сұрады.
– Бұл сұрақты қоятыныңызды білдім. Бірақ мен сандардың сиқырына сенбеймін. Дегенмен мұның кездейсоқ еместігіне сенемін. Біз қатарынан төрт жыл «Жальгириспен» ойнадық, төрт рет те «Слован» жеңді. Бірақ «Қайрат» – мүлде басқа тарих. Мен «Артмедияда» жұмыс істегенмін. Мен үшін сандар емес, еңбек, сенімділік және тәртіп маңызды. Сонда ғана нәтиже келеді. Алда бізді ауыр ойын күтіп тұр. Бірақ жауапты ойында топтық кезеңде ойнаған тәжірибеміз арқылы фаворит екенімізді дәлелдеуге тырысамыз, – деді Вайсс.
Ол Алматыға алғаш рет келген кезін де еске алды. Ол кезде де Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу раунды болатын, «Қайрат» 2:0 есебімен жеңген.
– 2005 жылы ешкім биіктік пен ұшып келудің қиын боларын күтпеген еді. Бірақ жауапты матчта біз 4:1 есебімен жеңіп, кімнің мықты екенін көрсеттік. Ол кезде өз стадионымызда емес, көрші алаңда ойнадық. 20 жыл бұрынғыны қазіргімен салыстыру қиын. Өмір жалғасуда. «Қайрат» та өзгерді, мен де өзгердім. Ешкім жасара бермейді. 2012–2015 жылдары менің «Қайрат» командасы күшті болды. Тимощук, Жерар Гоу – мықты ойыншылар. Өкінішке қарай, чемпион атана алмадық. Көп жағдайлар болды. Бұл әлі де жүрегіме ауыр тиеді. Бірақ бұл – өмір. Кейін «Қайрат» бірнеше рет чемпион атанды, сол үшін шын жүректен құттықтаймын, – деді Вайсс.
Вайсс «Қайратпен» чемпион бола алмағанына әлі де өкінеді және қайта оралу жайлы сұраққа жауап берді.
Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің үшінші кезеңіндегі «Қайрат» пен «Слован» арасындағы алғашқы ойын 6 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Қарымта кездесу 12 тамызда Братиславада өтеді.
«Қайрат» «Слованды» жеңсе, Чемпиондар лигасының келесі турында шотландиялық «Селтикпен» кездеседі. Бірінші ойын Шотландияда, қарымта ойыны Қазақстанда өтеді.