Тунис – Жапония матчы әлем чемпионатындағы 1000-матч болады
2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінің екінші турындағы Жапония мен Тунис құрамалары арасындағы матч әлемдік футбол тарихына енеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
21 маусым күні Мексиканың Монтеррей қаласында өтетін бұл кездесу әлем чемпионаттары тарихындағы 1000-матч болмақ. Осы айтулы оқиға құрметіне матчтың бас төрешісі, румындық Иштван Ковач арнайы мерейтойлық формада жұмыс істейді.
Бұл туралы FIFA төрешілер комитетінің төрағасы Пьерлуиджи Коллина мәлімдеді. Осылайша ұйым әлемнің басты футбол турнирі тарихындағы маңызды белесті атап өтпек.
FIFA әлем чемпионаттарының мерейтойлық матчтарының тізімін де жариялады. Олардың қатарында 1954 жылғы турнирдегі Австрия мен Уругвай арасындағы 100-матч, 1994 жылғы мундиалда Грекия мен Нигерия арасындағы 500-матч, сондай-ақ 2018 жылғы әлем чемпионатының Франция мен Хорватия арасындағы финалы – 900-матч бар. Бұл ойында Франция 4:2 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Ал биылғы турнирде топтық кезеңнің бірінші турында Жапония құрамасы Нидерландымен 2:2 есебімен тең ойнады, ал Тунис командасы Швециядан 1:5 есебімен ірі жеңіліске ұшырады.
Енді осы екі құраманың тікелей қарсыласуы әлем чемпионаттарының шежіресіндегі 1000-матч, яғни мерейтойлық ойын болмақ.