«Тобыл» «Қайратты» ойсырата жеңгені үшін «Ордабасыдан» қомақты қаржылай сыйақы алады
«Тобыл» ҚПЛ-дың 26-турында сенсациялық жеңіске жеткені үшін қаржылай сыйақы алады, деп хабарлайды Sports24.kz.
ASnews.kz мәліметінше, Қостанай клубы «Қайратты» (4:1) ойсырата жеңгені үшін «Ордабасыдан» қомақты қаржылай бонус алады. Дереккөздің хабарлауынша, Шымкент клубының басшылығы «Қайратқа» қарсы матчта тең нәтиже көрсеткені немесе жеңіске жеткені үшін «Тобыл» ойыншыларына қомақты сыйақы ұсынған.
Айта кетейік, «Қайрат» «Тобылға» қарсы өз алаңындағы ойынға ҚПЛ көшбасшысы ретінде келгенімен, күтпеген жерден ойсырата жеңіліп, 1:4 есебімен ұтылды. Қолданыстағы чемпионның басты қарсыласы «Ордабасы» осы демалыс күндері «Астананы» 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде алматылықтарды қайта басып озды.
Шымкенттік команда енді Рафаэль Уразбахтин шәкірттерінен бір ұпайға озып тұр (58 ұпайға қарсы 57), бұл ретте екі команда да бірдей ойын өткізген. Қазақстан Премьер-лигасының маусым аяқталғанға дейін тағы бес туры қалды.