Таныс тұлғалар – қарсы тарапта: Боранбаев пен Вайсс Алматыда кездесті
Алматыда Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында өтетін «Қайрат» пен Братислава «Слованың» арасындағы шешуші матчтың қарсаңында ерекше кездесу орын алды. Қонақтардың бас бапкері Владимир Вайсс қазақстандық клуб президенті Қайрат Боранбаевпен кездесті.
«Владимир Вайсспен жолықтым – «Қайрат» тарихында айтарлықтай із қалдырған тұлға. Ертең қарсылас ретінде кездесеміз. «Слован» – мінезді әрі амбициялы команда. Осындай ойындар шынайы күш-қуатты сынайды. Матчты асыға күтіп отырмыз», – деп жазды Боранбаев Instagram парақшасында.
Ойын 6 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтіп, Шотландияның «Селтик» клубымен кездеседі.
Плей-офф кезеңінің алғашқы ойыны 19 немесе 20 тамызда Глазгода өтсе, жауапты матч 26 немесе 27 тамызда Алматыда не Братиславада ұйымдастырылады. Бұл нақты қай команда өтетініне байланысты болады.