Словакия құрамасында Қазақстан және Молдовамен өтетін матчтар туралы пікір білдірді
Словакия құрамасының жаттықтырушылар штабы Ұлттар лигасында Қазақстан және Молдовамен өтетін алдағы матчтар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Словакия құрамасының қақпашылар жаттықтырушысы Камил Чонтофальски жеңіске жетуге ниетті екенін айтып, словак ұлттық құрамасының қақпасына жақын маңда көп мүмкіндік жасалады деп күтпейтінін жеткізді.
«Молдова немесе Қазақстанмен өтетін матчтарда қақпашыларымыздың жұмысы көп болмауы мүмкін, бірақ бұл міндетті одан сайын қиындата түседі. Қақпашы 90 минут бойы зейінін сақтап, әрдайым сақадай сай тұруы керек. Егер қарсылас бір тамаша мүмкіндікке ие болса, ол командасын құтқаруға міндетті.
Қақпашылардың ұлылығы да осында. Менің ойымша, бізде осындай голкиперлер бар және олар өз шеберлігін көрсетеді. Біз мұнда бір мақсатпен келдік — жетістікке жету. Мінсіз жағдайда алғашқы екі үй матчында жеңіске жетуіміз керек», — деп Чонтофальскидің сөзін келтіреді Sports.kz.
Еске салайық, Қазақстан Ұлттар лигасы С дивизионының үшінші тобына Словакия, Молдова және Фарер аралдарымен бірге түсті.
Қазақстан жаңа турнирдегі алғашқы кездесуін 26 қыркүйекте сырт алаңда Фарер аралдарына қарсы өткізеді. Словакиямен Кошицеде өтетін ойын 29 қыркүйекте басталады, басталу уақыты — Астана уақытымен 23:45.
Қазақстан құрамасының алдағы матчтарының толық кестесімен осы жерден танысуға болады.