Видео: Чемпиондар лигасы клубының капитаны Қазақстан құрамасына оралды
Әзербайжанның «Сабах» клубының қақпашысы Стас Покатилов Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы алғашқы матчтарға дайындалып жатқан Қазақстан құрамасының сапына қосылды. Қақпашы ұлттық команда орналасқан жерге келіп, жаңа бапкерлер штабымен және құрамадағы әріптестерімен жүздесті, деп хабарлайды Sports24.kz.
ҚФФ Покатиловтың құрамаға оралған сәтінен видео жариялады. Кадрларда оның «Астана Арена» алаңына шыққаны, бас бапкер Джон ван ’т Шкиппен кездескені және ұлттық команда ойыншыларымен сөйлескені көрінеді.
Қақпашының өзі құрамаға қайта оралғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Ұлттық құраманы, жігіттерді және осы жердің атмосферасын қатты сағындым. Қайта оралып, бәрімен бірге болғаныма қуаныштымын», - деді Покатилов.
Стас соңғы рет Қазақстан құрамасы сапында 2025 жылғы 5 маусымда Беларуське қарсы жолдастық матчта алаңға шыққан. Ол кездесуде қазақстандықтар 1:4 есебімен жеңілген еді. Ал ұлттық командадағы соңғы ресми ойынын Покатилов 2024 жылғы 17 қарашада Ұлттар лигасында Норвегияға қарсы өткізді - 0:5.
Покатилов жаңа оқу-жаттығу жиынына маусымдағы ең көзге түскен қазақстандық легионерлердің бірі ретінде келді. Ол капитандық міндет атқаратын әзербайжандық «Сабах» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен өтіп, клуб тарихында алғаш рет басты еурокубоктың жалпы кезеңіне шықты.
Жалпы кезеңнің алғашқы матчында «Сабах» «Олд Траффордта» «Манчестер Юнайтедке» қарсы ойнады. Покатилов бұл кездесуді негізгі құрамда бастап, қақпада толық матч өткізді. Әзербайжандық клуб 0:4 есебімен жеңілді.
Қазақстан қашан ойнайды?
Енді Покатилов пен ұлттық құраманың назары Ұлттар лигасының 2026/27 маусымына ауысады. Қазақстан С дивизионының үшінші тобында Словакия, Молдова және Фарер аралдарымен бірге өнер көрсетеді.
Қазақстан жаңа маусымдағы алғашқы кездесуін 26 қыркүйекте сырт алаңда Фарер аралдарына қарсы өткізеді. ҚФФ күнтізбесіне сәйкес, матч Астана уақытымен 21:00-де басталады.
Бұл Қазақстан құрамасының Джон ван ’т Шкип басшылығындағы алғашқы ресми матчы болмақ. Ал Покатилов ұзақ үзілістен кейін ұлттық команданың негізгі қақпашысы болу үшін қайтадан бәсекеге араласады.