Словакия Қазақстанмен матчта капитаны мен тағы алты ойыншысынсыз ойнайды: кімдер қатыспайды
Словакия құрамасы Қазақстанға қарсы өтетін УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі соңғы матч алдында құрамына елеулі өзгерістер енгізді. Астанаға жеті футболшы, оның ішінде команда капитаны Милан Шкриньяр мен мадридтік «Атлетиконың» қорғаушысы Давид Ганцко келген жоқ, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мұндай шешімге словактардың турнирлік міндетін мерзімінен бұрын орындауы себеп болды. Фарер аралдарымен 2:2 есебімен тең түскеннен кейін Словакия С дивизионының үшінші тобында бірінші орынды қамтамасыз етіп, В дивизионына жолдама алды. Осыған байланысты бас бапкер Владимир Вайсс соңғы уақытта клубтары мен ұлттық құрама сапында көп ойын өткізген футболшыларға демалыс беруді жөн көрді.
Қазақстанға қарсы кімдер ойнамайды?
Шкриньяр мен Ганцкодан бөлек, алдағы кездесуге жартылай қорғаушылар Ондрей Дуда, Матуш Беро және Альберт Руснак, сондай-ақ қақпашы Доминик Грейф қатыспайды.
Қорғаушы Мартин Вальент те Астанада алаңға шықпайды. Ол Ұлттар лигасының қазіргі маусымында екінші сары қағазын алып, келесі матчтан шеттетілді.
Құрамадағы тағы бір шығын - Томаш Суслов. Жарақатына байланысты алдыңғы кездесуге қатыса алмаған жартылай қорғаушы ұлттық команданың орналасқан жерінен кетіп, өз клубына оралды.
Бұдан бөлек, жарақат алған Станислав Лоботка, Лео Зауэр, Адам Оберт пен Денис Вавро да Қазақстанға қарсы ойында командасына көмектесе алмайды.
Вайсс неліктен құрамды өзгертті?
Словакия құрамасының бас бапкері алдағы кездесуде қосалқы құрамдағы ойыншылардың мүмкіндігін байқап көргісі келетінін түсіндірді. Команда келесі дивизионға көтерілуді алдын ала қамтамасыз еткендіктен, бұған дейін негізгі құрамға сирек іліккен футболшыларға өзін көрсетуге мүмкіндік туып отыр.
«Астанада мүмкіндік алған жігіттер оны тиімді пайдаланады деп сенемін. Біз жақсы нәтиже үшін күресеміз», - деді Вайсс.
Сонымен бірге словак маманы Қазақстан құрамасын осал қарсылас деп санамайтынын атап өтті. Бірнеше жетекші футболшының жоқтығына қарамастан, қонақтар топтық кезеңді жеңіліссіз аяқтауды көздейді.
Владимир Вайсс үшін бұл кездесудің өзіндік ерекшелігі де бар. Ол 2012–2015 жылдары алматылық «Қайраттың» бас бапкері қызметін атқарған. Сондықтан қазақстандық футболдың деңгейі мен жергілікті ойыншылардың мүмкіндіктерін жақсы біледі.
Айта кетейік, Словакия бес матчта 11 ұпай жинап, топтағы бірінші орынды мерзімінен бұрын иеленді. Ал Қазақстан құрамасы соңғы орыннан көтерілу мүмкіндігін жоғалтып қойған.
Қазақстан мен Словакия арасындағы кездесу 16 қарашада «Астана Арена» стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады.