Шұғыл: Самородов РПЛ-дың топ-клубында медициналық тексеруден өту үшін жолға шықты
Қазақстан құрамасы мен грозныйлық «Ахматтың» шабуылшысы Максим Самородов мәскеулік «Спартакқа» ауысуға жақын, деп хабарлайды Sports24.kz тілшісі.
Championат.com мәліметінше, Самородов ықтимал трансфер алдында медициналық тексеруден өту үшін Мәскеуге аттанған.
Бұған дейін аталған дереккөз мәскеулік клубтың ойыншы үшін грозныйлық командаға 600 млн рубль (немесе 6 млн еуро) + бонус ұсынғанын хабарлаған. Ал «Ахмат» 600 млн рубльден бөлек бонустарды да қоса есептегенде, бұдан да көп қаржы алғысы келеді. Тараптар арасындағы келіссөздер жалғасып жатыр.
Самородов 2024 жылдан бері «Ахмат» сапында өнер көрсетіп келеді. Ресей Премьер-лигасының биылғы маусымында Максим алты матч өткізіп, әзірге нәтижелі әрекетімен көзге түскен жоқ. Оның грозныйлық клубпен келісімшарты 2028 жылдың маусым айының соңына дейін жарамды.
«Спартак» РПЛ-дегі алғашқы жеті турдан кейін 13 ұпай жинап, турнир кестесінде төртінші орында тұр. Ал Станислав Черчесов жаттықтыратын «Ахмат» маусымды сәтті бастай алмады. Команданың жеті ойыннан кейін жеті ұпайы бар және РПЛ турнир кестесінде 11-орында келеді.